ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған 2015 жылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Павлодар өңірі облыстар арасында көш бастады.
Бұл жөнінде агенттікке облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқанов хабарлады. - Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа балы 80,2 құрайды, республика бойынша орташа балл – 79,5. Ең жоғарғы орташа балл «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде – 108,52 ұпай. Қалалар арасында ең жоғарғы орташа балл Ақсу қаласында – 84,94, аудандар арасында Май ауданында – 82,93. 503 (19,3%) мектеп бітіруші 100 баллдан жоғары жинады. 69 мектеп бітіруші «Алтын белгі» аттестатының иегері атанды. Оның тоғызы - Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері. Үздік аттестақа 28 мектеп бітіруші қол жеткізді. Оның ішінде сегіз түлек - «Алтын белгі» аттестатына бір баллдан жинай алмағандар, - дейді С. Мұқанов.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, 2015 жылғы ҰБТ индексі бойынша Астана қаласы қатысу пайызы жоғары болған үшін бірінші орынға, Алматы қаласы екінші орынға және Павлодар облысы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ ҰБТ қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың атына алғыс хат жолдады.
- Хатта ҰБТ көрсеткіші жоғары болғаны толығымен Павлодар облысының педагогтарының тәжірибелігі мен жоғарғы кәсіпқойлығының арқасында екендігі жөнінде айтылған, - дейді Саян Мұқанов.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі аймақтардың ҰБТ-ға дайындық сапасын бағалауына жаңа тәсіл қолданды. Егер бұрын тек ғана орташа балл есепке алынған болса, биыл ҰБТ-ның композиттік индексі құрастырылды: қатысу коэффициенті, ҰБТ кезінде болған бұзушылық коэффициенті, орташа балл коэффициенті. Айта кетейік, 2 маусым мен 8 маусым аралығында өткізілген ҰБТ қорытындысы бойынша орта балл - 79,4, яғни 2014 жылмен салыстырғанда (76,9) 2,5%-ға жоғары. Сондай-ақ, ведомство өкілдерінің хабарлауынша, биыл 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 2,4 пайызға өсті, олардың саны 14 420 (17,4 пайыз) болды, ал 2014 жылы 13 137 (15 пайыз) оқушы ғана бұл көрсеткіштен асқан еді.
"50 балдық шеткі деңгейлік балды жинаған түлектер саны 4,5 пайызға көбейді, яғни 67 497 оқушы (81,4 пайыз), ал 2014 жылы олардың саны 67357 (76,9 пайыз) болды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 125 балды 5 оқушы алды: Ердосова Гульназ Жандоскызы - Тараз қаласының №45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі; Мустафина Риана Еркінқызы - Астана қаласы №59 мектеп-лицейі; Самат Сымбат Куанышқызы - БҚО Теректі ауданың "Үміт" лингвистика гимназиясының түлегі және Лаура Абдазимова - ОҚО Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі; Яковлева Анастасия Владимировна - Алматы қаласы №90 лицейі. 2014 жылы ең жоғары балды төрт түлек алған болатын.