$ 494.87  520.65  4.91

«Нұрлы Жол» отандық ғылымның дамуына тың серпін бермек

Қазақстанның ғалымдары өз жетістіктеріміз бен мүмкіндік-әлеуеттерімізді ұлғайып отырған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қиындықтары жағдайында еліміз шешіп жатқан күрделі де ауқымды міндеттермен салғастыра саралаймыз. Әлемдік державалардың саяси текетіресі жаңа индустрияландырудың стратегиялық міндеттерін шешу жа­йын қайсыбір қиындықтарға тап келтіруде.  Таяудағы 10-15 жылда респуб­лика алдында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың негізі ретінде жаңа құрылымдағы экономиканың осызамандық өнеркәсіптік әлеуетін жаңғырта қайта құру міндеті тұр.

Басқа мемлекеттерден бір өзгешелігі, Қазақстан экономикалық өсімін сақтады, халықтың тұрмыс дәрежесін төмендетпеді. 2020 жылға қарай еліміз халқының табысы орта деңгейдегі, ең бәсекеге қабілетті әлемнің елу экономикасының қатарына кірді. «2050» Стратегиясы ел алдына әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жөнінде жаңа өршіл міндет қойды. Дамудың сапалық жаңа кезеңінде Президент экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз етуге және алдағы кезеңдегі жалпыұлттық шұғыл міндеттерді шешуге бағытталған 5 институттық реформаны алға тартты. Олардың ішінде мемлекеттік қызмет жүйесі мен сот жүйесін реформалауды, ортақ азаматтық біртектілікті нығайтуды, мемлекеттік аппараттың мөлдірлігіне және оның азаматтар алдындағы есептілігіне жетуді атап айтамыз.

Елбасы Ұлт жоспары деп айқындап ұсынған институттық реформалардың ішінде білімге негізделген озық ұлттық экономика ең өзектісі болып табылады. Бұл ретте ел Президенті қазақстандықтардың өмір дәрежесін жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Мұның өзі мемлекет бақуаттылығының, экономиканың тұрақты дамуының және Қазақстан халқының жаңа сапасына жетудің негізі ретінде қалың бұқара орта тапты құру үшін қағидалы тұрғыдан аса маңызды. Сондықтан, индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін түбегейлі экономикалық реформалар жүргізілетін болады. Білім беру мен денсаулық сақтау бүгінгі таңда озық үлгіде өркендеп, ел игілігі мен зияткерлік әлеуетін қамтамасыз етіп отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдарланған.

Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін өңдеуші өнеркәсіпке трансұлттық корпорациялар тартылмақ. Бұл әлемдік нарыққа шығуды қамтамасыз етеді. Біздің еліміз Еуразияның көлік және логистикалық орталығына айналады. ЭКСПО-2017 жоғары технологиялық инфрақұрылымының негізінде ерекше мәртебедегі «Астана» қаржы орталығы құрылмақ. Осынау аса маңызды әрі шұғыл міндеттер орайында Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің мәні мен мазмұны жағынан синергетикалық сипаттағы «Нұрлы Жол» бағдарламасын қалыптап, бірінші кезекте ұсынды. Елбасы оны жаңа экономикалық саясат ретінде айқындады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы іс жүзінде экономиканы тұрақты дамытудың алдағы бесжылдыққа арналған мемлекеттік шарасы ретінде көрініс тапқан.

«Нұрлы Жол» жаңа эко­номикалық саясаты АҚШ-тағы отызыншы жылдардағы «Ұлы күйзеліс» кезіндегі экономиканы мемлекеттік реттестіру жөніндегі әлемге мәшһүр болған Кейнс-Рузвельт бағдарламаларының және өткен ғасырдың соғыстан кейінгі жылдарындағы Батыс Еуропа елдеріндегі атақты Маршалл жоспарының қатарында тұр. «Нұрлы Жол» бағдарламасы еліміздегі жаңа индустрияландырудың 2-ші бесжылдық тапсырмаларын орындау үшін өте-мөте маңызды. Онда көп салалы инфрақұрылымды құру және жаңа индустрияландырудың базалық бағдарламасы мен шұғыл әлеуметтік міндеттерді орындау жөніндегі міндеттер жүйелі шешімін табады. Бұл мәселелер Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында ғана емес, сонымен қатар ТМД елдері бойынша да ең алғаш кешенді түрде мемлекеттік шешім нысанына айналды. Бұл жай Қазақстанның экономикалық өсімінің сапалық жаңа факторын қалыптастырады.

«Нұрлы Жол» бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірлері белсенді қосылуда. Ауданаралық тиімді байланыстар республика экономикасын кешенді дамытудың жаңа деңгейін айқындауда. Ішкі инфрақұрылымның жолға қойылған байланыстарының халықаралық магистральдарға шығуы республиканың Батыс және Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік елдерімен қарым-қатынас орнату орайында стратегиялық тиімділікке ие болып, Қазақстанның экономикалық өсімінің сапалық жаңа факторын қалыптастырып отыр. Атап айтқанда, халықаралық еңбек бөлінісіндегі және нарықтық қатынастардағы бүкіл ұлттық шаруашылықтың тиімділігін арттырып, капитал айналымын тездете түсуде. Осылайша экономиканы кешенді дамытудың жаңа мүмкіндіктері, былайша айтқанда, «екінші тынысы» ашылып, өндірудің түпкілікті сатысының инфрақұрылымдық және логистикалық міндеттерін оңтайлы шешуді қамтамасыз етуде, сөйтіп, оның соңғы нәтижесін тұтынуға дейін жеткізуде. Дағдарыстан соңғы кезеңдегі әлемдік экономиканың жағдайына үңілер болсақ, Батыс блоктың барлық дамыған елдері өндірістің технологиялық базасын жеделдете өзгертіп, экономикадағы ең жаңа алтыншы технологиялық буынын, ақпараттық, нано- және биотехнологияның, когнитивтік экономиканың ең жаңа жетістіктерін бағдарға алған. Бұл ұзаққа созылған экономикалық дағдарыстан шығу кезіндегі бәсекеге қабілеттіліктің шешуші шарты ретінде еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін бірден-бір бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, технологиядағы және осы заманғы өндірісті басқарудағы аса жаңа жетістіктермен өзара алмасудың нақты негіздерін қалыптастыратын «Нұрлы Жол» бағдарламасының мән-маңызы ерекше. Мысалы, АҚШ өз экономикасын нано-, ақпараттық-коммуникативтік және биотехнологиялар негізінде жаңғыртуға жыл сайын инвестициялардың 35 пайызын жұмсайды. Күллі Батыс әлемі (Еуропа) осы жолмен жүреді. Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың барлық түрлері қайтадан бағдарлануда. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономиканы көтеру үшін жинақтау қорының нормасын ІЖӨ-нің 35-40 пайызына дейін ұлғайту қажет. Бұл дегеніңіз ІЖӨ-дегі таза инвестициялар көлемі. Барлық дамыған елдер, БРИКС-тің дамушы елдері, қарымды экономиканың елі ретінде әсіресе Қытай осылай етеді. Бәсекелік тайталаста шешуші артықшылықты қамтамасыз ететін экономиканың жаңа технологиялық іргетасын құру орайындағы дамыған елдердің іс-қимылдары Қазақстан сияқты жас егемен мемлекеттер үшін тағылымды әрі бағалы.

АҚШ-тың және Батыс елдерінің іс-әрекеттері Ресей экономикасы үшін елеулі қиындықтар тудыруда. Сондай-ақ, ЕАЭО мүшелері де өз экономикасы үшін сын-қатерлерді бастан кешіруде. Осыған байланыс­ты базалық индустрияландырудың тапсырмаларын орындау және көп салалы инфрақұрылым міндеттерін кешенді шешу үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасы ерекше маңызды. Мемлекет белсенді түрде қатыспаса, оның бағыттаушы функциялары болмаса, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру мүмкін еместігін өмір көрсетіп отыр. Өркениетті экономикаларда ІЖӨ-нің жартысына жуығы мемлекеттің қатысуымен құрылады. Бұл «Нұрлы Жол» әлеуметтік-экономикалық бағдар­­- ла­масын орындау кезінде мем­лекеттің жұмылдырушылық рөлін, мемлекеттік активтерді іске асыру орайында аса көкейкесті. «Қамқоршы игіліктер» деп аталатын санаттарға қамқоршылық етуді көздейтін жеке бастамалар мен мемлекеттік активтердің тепе-теңдігі қажет. Ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық сақтау мемлекет қолдауынсыз өмір кеше алмайды. Дәлірек айтқанда, сарапшылар атап көрсететіндей, олар тек ауқатты адамдар үшін тіршілік ете алар еді. Бірақ, білімнің, мәдениеттің, сондай-ақ, мемлекеттік дәрежеде қамқорлық жасалатын басқа да әлеуметтік игіліктердің қалталы адамдарға ғана қолжетімді болуына жол беріп қоюға болмайды. Бұл ретте субсидиялар керек. Дамыған елдерде денсаулық сақтау саласын да, білім беруді де, ғылымды және басқа да көптеген салаларды қамқорлыққа алынатын игіліктер санап, субсидиялайды. Олар азаматтық қоғамның, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың ерекше назарындағы нысандар болып табылады.

Шұғыл әлеуметтік міндеттерді шешу – бағдарламаның аса маңызды буыны. 200 мың жұмысшы вакансиясының ашылуы отбасы мүшелерімен қоса есептегенде 800 мың дерлік адам болады. Ең әуелі бұқаралық мамандықтағы жұмысшыларды әлеуметтік орнықтыру міндеті, олардың еңбекақысын төлеуді ұйымдастыру оңай проблема емес. Өйткені, көпшілік қолды мамандықтар жұмысшы табының неғұрлым қағажу көретін бөлігіне жатады. Жұмысшы табының өмірлік сұраныстарын, мұқтаждықтарын, бағдарын, мақсаттарын әлеуметтік тұрғыдан жете зерттеу керек. Республикаға нәтижелерді сыпайы­ландырмайтын және әкімшілік биліктің мүддесіне орайластырмайтын өз «Левада-орталығы» керек. Жұмысшы табының ақиқат өміріне көңіл бөлмеу оларды жеке күнкөріс жолына салады, елдің үлкен мұрат-мақсатынан, ұлттық экономикалық мүддесінен алшақтатады.

Мемлекет басшысы талап етіп отырғандай, әлеуметтік мәселелердің шешімін қарастырған кезде біз дамыған елдердің өркенді тәжірибелері мен нормативтеріне бағдар жасауға тиіспіз. Мысалы, АҚШ-та 40 миллионға жуық жарлы-жақыбайларды (америкалық стандарттар бойынша) медициналық сақтандырумен қамтамасыз ететін «Medic cair» бағдарламасы іске асырылады.

Президенттің соңғы кезеңдегі жолдауларында еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірін түбегейлі жаңғыртудың стратегиялық міндеттерін шешудің негізі ретінде ғылымды жаңаша ұйымдастыру мен басқаруға айтарлықтай көңіл бөлінген. Осыған байланысты іргелі ғылымға тоқталғымыз келеді. Оның бүгінгі таңдағы жағдайы қазіргі заманның көкейкесті мәселелеріне ойдағыдай ден қоюға мүмкіндік бермейді. Іргелі және қолданбалы ғылымдардың ара-жігі шартты. Академиялық ғылым әркез бастауда тұрады. Жақсы тео­рия қашан да іс жүзінде қолданыс таппақ. Академик Сәтбаевтың перзенті саналатын металлогения ғылымының жетістіктерінсіз Чилидегі Чукикаматомен қатар мыс бойынша әлемдік брендтердің бірі – Жезқазған да болмас еді. Мұнайдың тұзды шөгінділері туралы ғылымның іргелі тұжырымдарынсыз Батыс Қазақстанның бірегей мұнай-газ кеніштері болмас еді. Ғылыми негіздемелерсіз республиканың бүкіл өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетіне жол ашылмас еді. Бүгінгі іргелі ғылым Қазақстандағы ғылыми ізденістің базистік басым бағыттарын анықтауы тиіс. Өкінішке қарай, нарықтық экономика мен бизнестің императиві ретінде бір сәттік нәтижелерді («Дәл қазір, тап осы арадағы пайда») қуалап, ресми орталарда қолданбалы ғылымға артықшылық берілуде. Ғылымды қаржыландыру да осы ыңғайға бейімделген. Бағамдауымыз бойынша, қазір ғылымға бөлінген қаржының бестен төрті қолданбалы және бестен бірге жетпейтіні іргелі ғылымның еншісінде. Бұл сәйкессіздік жойылуы тиіс. Аграрлық сала ғалымдарының дәлелдеуінше, Қазақстанның топырақ құнары жер шарының бір миллиард халқын асырауға қабілетті. Бұл іргелі ғылымның нысаны ретінде биосфераны тиісінше байытқан жағдайда мүмкін болмақ.

Ресми статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда республикадағы инновациялық өнім үлесі 2-3 пайыздан аспайды. Ал дамыған елдерде экспорттағы инновация үлесі 35-40 пайызға жетеді. Басым бағыттар мен салалардағы іргелі ғылымның нәтижелері, міне, осы арада керек. Бұлай болмаса, қоғамдық еңбек өнімділігі қарқынды түрде артпайды. Осы ретте біз 5-6 есе кейін қалудамыз. Тиісінше өнім сапасы жөнінен де солай. Кемшінбіз. Экономика дегеніміздің өзі де елді өсім траек­ториясына қалай шығаруға болатын шешімді ұдайы іздейтін ғылым емес пе. Біздегі негізгі өнім – шикізат. Оны 5-6 есе қымбат сатуға болмайды. Тек соның негізінде жоғары қосылған құнмен сипатталатын жоғары технологиялы өнім шығару керек. Сапалық серпінді ілгерілеу беретін іргелі ғылымның жаңа ашылымдары керек. Ұлттық экономиканың ерекшеліктері мен ғылыми әлеуеттің мүмкіндіктерін есепке ала отырып, ғылыми ізденістің базалық бағыттары бойынша шашыраңқы зертханалар мен ғалымдар топтарының қажыр-қайратын біріктіретін ғылымды басқарудың жаңа тиімді тетіктері керек. Елдің экономикалық, қала берді бүкіл мемлекеттік егемендігінің базалық тірегі ретінде іргелі ғылымға басым көңіл бөлінуі керек. Осыған байланысты тиісті қаржылық, материалдық және моральдық ынталандыруларды жасай отырып, республикадағы іргелі ғылымды ұйымдастыру мен басқарудың отандық тәжірибесіне қамқорлық қалқаны қажет.

Біздің пайымдауымызша, әсіресе гуманитарлық бағыттағы ғылыми мекемелер желісін құрылымдандыру қажеттігінің толғағы жетті. Олар ұлттың рухани жаңғыруының, жаңа адам капиталын сомдаудың ғылыми негізін функциялық тұрғыдан қалыптастырады. Олар іс жүзінде біздің қоғамдағы идеяларды, мүдделер мен мақсаттарды біріктіретін жаңа үлгідегі мультимәдени қауымдастықтың озық ойлы тұжырымдамаларының мұзжарғыштары болуы тиіс. Осыған байланысты қоғамдық ғылымдардың, әсіресе, мемлекеттік тіл саласындағы жекелеген ғылыми блоктары, тарихнама, деректану, мемлекеттік құрылыстың, мемлекеттік егемендіктің конс­титуциялық негіздері бойынша қағидатты жаңа материалдар аясында жазылған қазақ халқының он томдық тарихының іргелі әзірленімдері басым назардағы нысандар болуы тиіс. Жекелеген ұлттар мен халықтардың тағдыры мен болашағына күмән келтіріліп жатқан біздің әлемде осынау проблемаларды оң тұрғыдан қарастыратын іргелі ғылымның рөлі қазір қай кездегіден де көкейкесті әрі зәру.

Осыған байланысты ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы, аға буынның ғылыми кадрларын пайдалану проблемасы айтарлықтай өткір тұр. Өз пайымымызға жүгінсек, ондаған жылдар бойғы табанды ғылыми ізденіс пен шығармашылық еңбек арқылы жинақтаған баға жеткісіз ғылыми әлеуетке ие осынау ғалымдар тобын кеудеден итеріп тастау жөн іс дей алмаймыз. Оларды зейнет жасындағы әкімшілік немесе өндірістік қызметкерлермен салыстыруға болмайды. Әрине, физиологиялық тұрғыдан олар жасы ұлғайып, қартайған адамдар. Бірақ, әсіресе ғылым саласындағы зияткерлік тұрғысынан алғанда, орындары толмайды. Демек, «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» үлгісіндегі арнаулы бағдарламаларды қалыптастырып, оларға жағдай туғызу керек. Естеріңізде болса, «Мәдени мұра» бағдарламасы бір бесжылдықтың ішінде іргелі ғылымға қанша жаңалық әкелді. Осы ғылыми жетістіктер бірден-бір ғылымдағы аға-орта буынның бастамашылығымен ғылым әлеуетін жоғары көтерді. Осыған орай мына жаһандану дәуірінде орта және ұсақ ұлттардың тағдыры қатерлі болып, жұтылып кетуге таяған жағдайда Президентіміз «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып отыр. Бұл ұлы ұранның ғылыми негізін жаңа дәуірдің талабына сай жасау іргелі гуманитарлық ғылымның үлесіне тимек. Осы ретте қаржы қиындығына қарамастан, ғылымға бөлінген сыбағалы бюджеттің өзін орайын таба ұтымды пайдалана отырып «Мәңгілік Ел» идеясына негізделген арнайы бағдарлама әзірлеп жасау – кезек күттірмейтін міндет. Бұл маңызды іс бір орталықтан үйлестіріліп, аға, орта буын болып, жас ғалымдарды тартып біріккенде ғана жүзеге асары сөзсіз.

«Нұрлы Жол» бағдарламасы аса ірі Қазақстан аймағының трансконтиненталдық Еуразиялық көлік күрежолының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасуы орайындағы стратегиялық идея-мұраттың көрінісі болып табылады. Бұл іс жүзінде Ұлы Жібек жолының жаһанданған әлемдік экономиканың жаңа талаптары жағдайында жаңғыруының логистикалық сыннан өтіп шыныққан кезеңі десек те болар. Осынау аса ауқымды міндетті шешу Қазақстанның және Шығыс Еуропаның, Ресей мен Қытайдың онымен көршілес өңірлерінің, одан әрі Еуразияның сауда-көлік әлеуетінің интеграциясына ұласатын экономикалық дамуының локомотиві болмақ. Мұны әлемнің 25 еліндегі терминалдық жүйелердің бас халықаралық операторы DP Work (бас кеңсе-жайы Дубайда) мойындап отыр. Айтар болсақ, бір ғана Қазақстан өңіріндегі сауда көлемінің өсімі 2014 жылғы 800 млрд. доллардан 2020 жылы 1,2 трлн. долларға дейін, ал Қытай мен Еуропа арасындағы қатынастардағы жүк тасымалының көлемі 170 млн. тоннаға дейін артады деп болжамдануда. Келешекте бұл орбитаға Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы шығанағы, Еуропалық одақ елдерінің қосылуына орай тасымалдар тасқыны мен көлемі жалпы тасымал саласындағы өлшеусіз жоғары тиімділікпен еселенбек. Бұған уақыт үнемделуі, жол қысқаруы, көлік операцияларының оңтайлануы, тағы басқалар кіреді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның ішкі өңірлік, сондай-ақ, халықаралық деңгейлердегі сауда-экономикалық байланыстарының жаңа сәулеті және көлік-транзиттік әлеуетіндегі жаңа деңгейі болмақ. «Нұрлы Жол» бағдарламасына, сайып келгенде, өңіраралық байланыстарын әртараптандыра, сонымен қатар шекаралық көршілес аймақтарға шыға отырып, сондай-ақ арнаулы экономикалық аймақтар құрылған континентаралық деңгейге көтеріле отырып, Қазақстанның барлық өңірлері белсенді қосылмақ. Бұл – экономиканы кешенді дамытудың, экономикалық байланыстар тиімділігін арттырудың жаңа деңгейі деген сөз. «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық сая­саты экономикалық өсімді жеделдетудің жаңа тетіктері мен факторларын өмірге келтіре отырып дағдарысқа тегеурінді тойтарыс бермек. Елбасы бастамасымен іске асырылып жатқан айшықты реформалардың жарқын жаңғырығы осындай.

Елбасының сарабдал саясатының басым бағытының бірі қоғамды тұрақты әлеуметтік жаңғырту десек, еңбек адамының мәртебесінің өсуі, еңбек өнімділігінің артуы, жұмыссыздықты жою, кәсіби шеберлікке жету, өмір сүру сапасын арттыру бүгінгі күннің басты міндеттері саналады.

Мақсатымыз – елімізді шикізат өндіруші елден өнеркәсібі дамыған елге айналдыру. Ал мұндай нәтижеге қол жеткізу отандық ғылым мен білімді дамытумен тікелей байланысты екендігі анық.

Мемлекет басшысының 5 қыркүйек күні Назарбаев университетінде оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінде атап өтілгендей, еліміз бүгін «бі­лім-ғылым-инновация» деп аталатын үш­та­ғандық жүйе басқаратын постиндустрия­лық әлемге қадам басты. Осыған орай, Ұлт көшбасшысы білім қоғамын құру үшін өмір бойы оқудың қажеттілік екенін тағы да атап көрсетті. Елбасы дәрісінің үлкен саяси маңызы бар. Бұл жастар үшін ғана емес, барша қазақстандықтарды ынтымаққа шақырады, ілгері ұмтылуға ықпал етеді. Өйткені онда мемлекетіміздің, қоғамымыз­дың және әрбір азаматтың өміріндегі көптеген маңызды мәселелер қозғалды.

Елбасы негізін қалап берген білім қоғамын құруда Назарбаев университетінің қызметі отандық білім мен ғылымды әлем­дік стандарттарға сәйкес үдемелі дамытуға серпін беріп қана қоймай, оның нағыз көш­басшысы рөлін атқарып келеді. Назар­баев университеті – жастарға жоғары білім берудің қазақстандық бет-бейнесін әлемге танытатын, өзінің тәжірибесі арқылы бүкіл отандық білім беру жүйесін әлемдік үлгі-қалыпқа тартатын үлгі.

Дәрісте еңбек мәселесі де ерекше орын алып отыр. Тек қана еңбектің, тәртіптің арқа­сында тұрмыс сапасының жоғары әлемдік үлгі-қалыптарына жетуге болады. Еңбектің жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті және қазіргі заманғы талаптарға сай болуы үшін жастарға әрдайым өз білімін жетілдіруі қажет.

Елбасымыз еліміздің жоғары оқу орын­дарының алдына үлкен міндеттер жүктеді. Зерттеу университеттерін дамыту қажеттігін тапсыра отырып, отандық университеттер­дің зерттеу университеті болып қалыптасуы жолында қызмет жасау керектігін өз дәрі­сінде ерекше атап өтті.

Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы бүгінгі таңда өз биігінде, өзгелермен қатар тең даму үстінде. Осы мақсатта Қазақстан ғылы­мы мен білімінің жетістіктерін наси­хат­тауды жүзеге асыратын өзіндік маңызы бар, әрі республикамызда бұрын-соңды бол­маған, жаңа кәсіпорын – «Ғылым орда­сы» болып табылады. Бүгінгі таңда меке­меге ғылыми-ақпараттық ресурстар­ды бір орталыққа шоғырландыра отырып, еліміздің ғылыми жетістіктерін лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңінен тарату, ғылым және білім саласында өндірістік-шаруашылық қызмет көрсетуді абыроймен атқаруда. Отандық ғылымды жаңа жетістік­терге жеткізу мақсатында еліміздің акаде­миктері мен ғалымдарының өнімді еңбек етулері үшін толық жағдай жасалын­ған. Құрылғанына көп уақыт болмаса да, «Ғы­лым ордасы» еліміздің ғылыми-интеллек­туал­дық әлеуетін арттыруда бірқатар жетіс­тіктерге қол жеткізіп келеді.

Ғылым ордасында 5 миллионға жуық кітап қоры бар «Орталық ғылыми кітап­ха­на», «Ұлттық ғылым академиясы», «Қысқы бақ», «Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемо­риал­­дық мұражайы», сондай-ақ «Табиғат», «Археология», «Сирек кездесетін кітаптар», «Қазақстан ғылымының тарихы» мұра­жайлары және 11 ғылыми-зерттеу инсти­туты үйлесімді жұмыс істеуде. «Ғылым орда­сы» еліміздің ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарына қолдау көрсетумен қатар, гума­нитарлық бағытта дербес, іргелі зерттеулер жүргізумен де айналысады. Мемлекеттік ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған гранттар нәтижесінде 2012 жылы «Ғылым ордасы»: «Дала дипломатия жазба көзде­рінде» (XIII-XVIII ғ.ғ.), «Қазақстан мен Ресей кітапхана, архив және мұражай­ларындағы қазақ кітаптары (XIX ғасыр және ХХ ғасырдың басы): тарихи-негізде­ме­лік зерттеулер», Орталық ғылыми кітап­ха­надағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы материалдардың библио­­графиялық көрсеткіштер топтама­сын жасау, «Айқап» журналы 1911-1915 жылдар (факсимилелік нұсқа) 6 томдық, «Шежіре – жазба ескерткіштері ретінде» (ХVІІ – ХІХ ғғ.) 2 томдық, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы техникасының дамуында басымды бағыттары бойынша электронды ресурстардың ғылыми қорының үлгісін жасау бойынша гранттар ұтып алып, зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің мекеменің қызметкерлері де Елбасының «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісін қызыға тың­дап, үлкен әсер алды. Бүгінде Мемлекет басшысының осы дәрісінде берген тапсырмаларды іс жүзіне асыруда аянбай еңбек етуде.

Ғылымда ақпараттың аудиторияға қажет­тілігі туралы ұғым бар. Осыған орай, Елбасының дәрісі мазмұнды, заман тала­бына сай, сұранымы зор және де тәрбиелік-танымдық әсері өте жоғары екені көрініп тұрды. Меніңше, студент жастар Прези­дент­тің сөзінен, оның баянды болашаққа шақырған ұлағаты мол ұрандарынан үлкен қуат алып, аудиториядан оқуға, ғылымға, еңбекке деген құлшыныс сезімімен шықты. Президент өзінің лекциясында жастарды Қазақстанның қарышты даму қадамын жасай алатын өздері екеніне қалтқысыз сендіре білді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев білім мен ғылым қызметкерлерінің, білім алушы жастардың алдына биік мақсаттар қойды, оларды іске асыру – біздер үшін әрі парыз, әрі сын, әрі абырой.

Аграрлық саланың инновациялық бағытын айқындап берген Елбасының ұстанымы «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз…» деген хакім Абайдың даналығымен ұштасып жатыр. Себебі, ауыл шаруашылығын дамытудың дәстүрлі тәсілдері ендігі жерде жаңа дәуірдің екпініне ілесе алмайды. Шетелдің технология­сын сатып ала беру де – қиындықтан шығаратын жол емес. Сондықтан мемлекет ғылымға бөлінетін қаржыны еселеп арттырмақ. Оның көлемі қазіргі ІЖӨ-нің 0,18 пайызынан 2020 жылға қарай 2 пайызға, 2050 жылға қарай 3 пайызға өседі. Әрине, мұндай қомақты қолдаудан аграрлық сала да өз үлесін алары анық. Бірақ ескеретін бір мәселе, қаржылай қолдаумен бірге ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз бұл сауалдарды Микробиология және вирусология инсти­туты­ның бас директоры, Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Аманкелді Құрбанұлы Садановқа қойған едік.

Жалпы, азық-түлік өндірісі қазір әлем сарапшыларын мазалап отыр. Егер аграрлық мемлекеттер қауқар көрсетпесе, алдағы 30-40 жылда адамзатты аштық айналдыра бастауы мүмкін. Бұл жөнінде БҰҰ-ның бірнеше рет дабыл қаққаны есімізде. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл туралы тайға таңба басқандай айтты.

Ауыл шаруашылығын алға сүй­рейтін күш топырақтың құ­нарын арттырумен тікелей байланысты. Себебі, құнары қашқан жер­ден көңілдегідей өнім алу мүм­кін емес. Бұл өз кезегінде мал азығын әзірлеу ісіне де кері әсе­­рін тигізеді. Айналып келген­де, егін шаруашылығымен бірге мал­ шаруашылығының дамуы да құнарлы топыраққа тәуелді. Топы­рақ құнарының күрт төмен­деуі – қарашіріндінің азаюынан және азот мөлшерінің кемуінен орын алатын құбылыс. Ал оның орнын бұршақ тұқымдас өсімдіктер толтыра алады. Бір қызығы, мұндай дақылдар химиялық тыңайтқыштарды жатсынады. Оларға керегі – табиғи, таза биологиялық тыңайтқыш. Микробиология және вирусология институтының ғалымдары ойлап шығарған биопрепаратта жоңышқа және соя, бұршақ, жа­с­ымық, нұт секілді бұршақ тұқым­­дас дақылдардың тамырын­да кездесетін түйнек бактерияларының ең белсенді штамдары бар. Бұл бактериялар ауадағы бос азотты өсімдіктің тамырына жинайды. Әрі осы табиғи тыңайтқышты топы­рақта сақтап қалады.

Отандық препараттың пайдалы қасиетіне Алматы облысындағы соя дақылын өсіретін «Түрген» серіктестігіне барғанда көзіміз жетті. Түсімді әдеттегіден 30-35 пайызға жоғары алған фермерлер «Ризовит-АКС-ке» ризамыз!» дейді қуаныштарын жасыра алмай. Серіктестік директорының орынбасары Аслан Қамзаевтың айтуынша, биылғы құрғақшылықтың өзінде түсімнің көтерілгені өз ал­ды­н­а, соя дәнінің сапасы да жоғарылаған.

Мұның мәнісі мынада екен: әдетте сояның ірі дәндері сабағы­ның төменгі тұсында орналасады. Бірақ оның көбі диқанның уы­сына түспейді. Себебі, жаздай жайқалып, көз тартқан дәндер комбайнның дестелегішіне ілінбей, ысырап болып, алқапта қалып қояды. Ал отандық препаратпен өңделіп барып себілген соя дәні сабағының түбінен 10 сантиметрдей жоғары орналасады. Сөйтіп, ақ адал ең­бек далаға кетпей, диқанның қам­басына құйылады. Жиын-терін кезіндегі дән шығыны ондаған есеге кемиді. Бұл – бір. Екіншіден, соя­ның сабағы мен дәні ғана емес, тамыры да ұлғаяды. Тамырдағы жүзім шоғыры секілді түйнекті бактериялар табиғи азоттың қайнар көзі. Препарат құрамындағы түйнек бактериялары бір гектар жерде 250-300 келіге дейін ауадағы бос азотты өзіне сіңіреді. Мұның басты артықшылығы сол, топырақ астында қалған азот 2-3 жылға дейін шаруаның қажетіне жарайды. Яғни, алдағы бірер жылда алқапқа минералды тыңайтқыштарды берудің қажеті жоқ.

Расында, биыл Алматы облысында егілген 60 мың гектар сояның 80 пайызға жуығы отандық «Ризовит-АКС» препаратымен өңделіпті. Демек, бұған дейін өңірде жиі қолданылып келген Ресейдің «Ризоторфин» препаратынан фермерлер бас тарта бас­таған. Басқалай айтсақ, отандық препарат өз артықшылықтары ар­қылы шетелдік бәсекелесін на­рық­тан ығыстырып шығарды.

Қазақстан алдағы санаулы жылдың ішінде Ресейге жылына 180 мың тонна ет экспорттау әлеуетіне ие болуы тиіс. Осы мақ­сатта бүгінге дейін шетелден асыл тұқымды 50 мың бас ірі­ қара әкелінді. Сондай-ақ, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жөнінде де іргелі жоспар құрылған. Ауылшаруашылығы министрлігі 2020 жылы еліміздегі сүт өндірісін жылына 1,7 млн. тон­наға дейін арттыруды көздеп отыр. Әрине, асыл тұқымды түліктің өнімі қатардағы малға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бірақ осы қасиетін сақтап қалу үшін малға құнарлы да жұғымды азық қажет. Кеңестік колхоз-совхоздар арнайы қазан шұңқырларда қысқы мал азығы үшін сүрлем әзірлейтін. Балауса шөптен бастырылған сүрлем бірнеше ай бойы бастапқы қалпына жақын күйде сақталатын. Сондықтан малға сіңімді келетін.

Қазақ ғалымдары ұсынған «Казбиосил» препараты сүрлем әзірлеу ісін мүлде жаңа сатыға көтерді. Өйткені, отандық био­ашытқы кез келген шөп түрін сүр­леуге жарамды. Ол ком­байн­дағы арнайы ыдысқа құйы­лып, орылған көкбалаусаға электрониканың көме­гімен мөл­шерлеп беріледі. Сүрлемдік жүгері қазаншұңқырда тапталған соң, препараттағы табиғи микро­ағзалар жүгерінің қатты сабағы мен собығын жұмсартады, шөпті шірітетін бактерияларды жояды. Соның нәтижесінде көк балаусаның құрамындағы барлық пайдалы элементтер сақталады. Оған қоса биоашытқы бойындағы микроорганизмдер қосымша дәрумендер бөледі. Сөйтіп, сүрлемнің қоректік қасиеті артып, нағыз шырынды азыққа айналады.

Сүрлемге қажет ашытқы із­деп, импорттық препараттарды қолданып көрген Алматы іргесіндегі «Адал агроөнеркәсіптік компаниясы» ақыры «Казбио­силге» тоқтапты. Бұл агрофирма ұзақ жылдардан бері табиғи сүт өнімдерін нарыққа шығарып келеді. Агроөнеркәсіп кешенінің ауылшаруашылық саласына жау­ап беретін директоры Медетхан Игіліков бізге былай деді: «Ілгеріде шетелдің препараттарын қолданып көргенбіз. Тіпті кейбірінен аузымыз күйді. Өйткені, біз табиғи сүт өндіретіндіктен препараттың құрамында ешқандай химиялық қоспа болмауы керек. Ол түсімді көтергенмен, өнімнің сапасына кері әсер етеді. Ал отандық препаратты пайдаланғаннан кейін әр сиыр 1,5-2 келі сүт қосты. Қазір мың сиырдан күніге 1,5-2 тонна сүтті артық алып жатырмыз. Сосын біз күтпеген тағы бір ерекшелігі – сүттің майлылығы артты. Әрі тана-торпағымыз да күні­не 100-150 грамға дейін қосым­ша салмақ қосуда. Біздің кешенде мұндай жас малдың саны 500-ден асады. Демек, біз үшін бұл препараттан артық ашытқының қажеті жоқ».

Институттың ғылыми әзірле­ме­лерді енгізу бөлімінің жетекшісі Ғайни Таубекованың айтуынша, фермерлерді қызықтырып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – отандық препараттың ерекше үнемділігі. Мәселен, сүрленетін бір тонна шөпке небәрі үш-ақ грамм препарат жұмсалады екен. Үш грамм «Казбиосил» бір литр суға аралас­тырылады. Осы ерітінді бір тонна сүрлемге жетіп жатыр.

Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 12 орында, ал мұнай өндіру көрсеткіші бойынша 17 орында тұр. Бұл еліміздің жер-жаһандағы мұнай державаларының бірі екеніне нақты айғақ болса керек. Алайда, жерасты байлығы мәңгілік емес. Күндердің күнінде мұнайдың да таусылатынын, сондықтан Қа­зақ­станның шикізаттық елден өндірістік елге айналуы қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы ескертіп, Үкіметке нақты тап­сырмалар жүктеп келеді.

Дегенмен, барлық мұнай өн­діруші елдерге ортақ тағы бір түйткіл бар. Мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, өңдеу және тасымалдау қоршаған ортаға зиянын тигізіп, топырақты зақым­дайды. Топырақ қабатының ластануы оның тұрақты функцияларын бұзады, физико-химиялық қасиетін өзгертеді. Биохимиялық процестердің сипаттамасын төмен­детеді, тіпті жойып жібереді. Бұрын әлемдік тәжірибеде мұнай төгілген топырақты тазар­тудың экстракция, физикалық адсорбция, пиролиз, өртеу, т.б. се­кілді әдістері қолданылған. Алай­да, бұл тәсілдердің бәрі де эко­ло­гиялық жағын былай қойғанда, эко­номикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. Экологтардың: «Мұнай төгілген жерді тазартып, бастапқы қалпына келтіру үшін кемінде 20-25 жыл керек» деп дабыл қаққаны да сол тұста.

Ал отандық ғалымдардың «Бакойл-KZ» биологиялық препараты қатты ластанған жердегі мұнай қалдықтарын 1,5-2 ай ішінде 90-95 пайызға дейін жоя алады. Бұл – Атырау облысындағы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының  мұнаймен ластанған кен орындарында және арнайы полигонда сынақтан өткендегі көрсеткіші. Биопрепаратты қол­данған соң топырақта тез ыдырайтын бактериалды ақуыз бен мұнай қосылыстарының тотығуынан шыққан экологиялық таза өнімдер ғана қалады. Биыл бір ғана Жаңаөзен маңында 270 мың тонна мұнаймен ластанған 70 гектардан астам жердің топырағы өңделіп жатыр. Ал келесі жылы ол жерге жайылымдық шөп егілмек.

«Бакойл-KZ» шетелдік препараттардан бірнеше маңызды артықшылықтары бойынша алда тұр. Себебі, препарат бактерия­лардың жергілікті штамдарынан тұрады. Ол ары кеткенде 2 айдың ішінде топырақтағы мұнайды тұтастай жойып жіберуге қауқарлы. Салыстыру үшін қара­сақ, ресейлік препарат мұндай нәти­жені тек 6-8 ай өткен соң ғана көрсете алады. Әрі оның бағасы отандық препараттан 4-5 есеге қымбат. Демек, отандық микробилогия саласының ғалымдары ластанған топырақты тазартуға қажетті препарат жасау ісінде де ресейлік әріптестерінен әлдеқайда алға шығып кетті деуге болады.

Ресми дерек бойынша, елімізде мұнаймен ластанған аумақтың көлемі 200 мың гектардың шамасында екен. Әрине, бұл аз жер емес. Есесіне оны қалпына келтіре алатын препарат өз қолымызда тұр. Егер қажеттілік туып жатса, Микробилогия және вирусология институтының мамандары 200 мың гектар жерді тазартуға қажет препаратты бірер жылдың ішінде-ақ өндіріп беруге әзір. Өйткені, 1 гектар жерге бар болғаны 27 келі ғана «Бакойл-KZ» жұмсалады. Ал институт зауыты қазір күніне 2-2,5 тонна препарат өндіретін қуатқа ие.

Дәл осы «Казбиосил», «Ризовит-АКС», «Бакойл-KZ» препа­раттары үшін 2011 жылы Аманкелді Саданов басқаратын ғалымдар тобы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанын айта кетсек дейміз. Мемлекеттік сыйлықты Елбасының өзі тапсырған болатын.

Елбасы биылғы Жолдауында «Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді» деп нақтылады. Сондықтан уақыт талабына сай маман дайындау басты міндет.

Оқыту және зерттеу үшін жақсы инфрақұрылым болу керек. Осыған орай университеттегі барлық ғылыми бағыттарды біріктіретін ғылыми кластер ашылды. Бұл ғылымға құштар азаматтарды бір орталыққа шоғырланып, заманауи қондырғылармен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Университетте интранет-жүйесі енгізілген. Әрбір пайдаланушы үшін сол интранет-жүйе электрондық журнал мен пәннің оқу-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етіп, көріп-білу үшін жеке бет ашып береді. Сондай-ақ, 2009 жылдың қазан айынан бастап Lotus Domino платформасы негізінде құрылған электрондық құжат айналымы қолданысқа енгізілген. Сонымен қатар, білімгерлер толығымен ақпараттық ресурстарды пайдалана алады.

Елімізге осы мүмкіндіктерді пайдалана алатын білімді де білікті маман керек. Сондықтан, университетте білім сапасын арттырудың жаңа жолдары қарастырылып, ол күнделікті оқуда қолданылуда. Уақытты ұтып, барлық жұмысты тиімді істейтін әкімшілік жүйе құрылды. Білімнің, ғылымның, тәрбиенің сапалы болуына баса назар аударуда.

Қазіргі таңда университеттің білім беру жүйесінің жетістігі мен осал тұстарын анықтап, келешекке қажетті нақты іс-шаралар жоспары жасалуда. Алыс-жақын шетелдердегі жетекші 50-ге жуық білім беру орталықтарымен әріптестік байланыс орнаттық. Польша, Болгария, Венгрия се­кіл­ді Еуропа елдерінің танымал ға­лымдары магистранттарымызға дәріс өткізеді. Маман дайындау­да қол жеткізген жетістіктер нәти­жесінде гуманитарлық, мә­де­ниет, өнер, жаратылыстану-техникалық, педагогика және психология факультеттеріне 20 мамандық аккредиттеуден сәтті өтті. Аккредиттелген маман­дық­тардың артықшылығы түлек­тердің шетелде оқуын жалғастыруға, жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Мысалы физика-математика факультетінің түлегі Андрей Порсев Польшада қызмет істесе, Темір Әбдраимов Польшада магистратурада оқиды. Темір Абдрахманов деген түлегіміз Пекинде білім алып жүр. Шотлан­дияда магистратураны тәмамдаған Шыңғыс Қармысов деген физиктің жетістіктері мерейді өсіреді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары