$ 498.34  519.72  4.85

Өңірлерді цифрландыру – дамудың негізгі факторы

Еліміздің заман талаптарына сай болып, жоғары дамыған елдер қатарынан көрінуі, мемелекет тарапынан оңды шешімдердің қабылдануының тікелей нәтижесі болып табылады. Мұндай батыл шешімдердің бірі, үшінші жаңғырудың негізгі мәйегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы десек қателеспейміз. Осы орайда кенді өлке Қарағанды облысы бойынша жүзеге асырылып отырған цифрландырудың қыр-сырын «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Оспанова Қадиша Базарбайқызы баяндап берді.

– Қадиша Базарбайқызы баршамызға мәлім бүгінгі таңда цифрландыру бойынша Қарағанды облысы жетекші орында. Осыған қатысты алғашқы сауалымызды сіздің тараптан аймақтағы цифрландыруға қандай баға бересіз және де қай салаларда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтиже көрсетуде?

– Осы жылы Елбасының тапсырмасы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде қолға алынып, біршама оңды істер атқарылып жатыр. Атап айтатын болсақ денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету, білім беру салалары, соның ішінде балабақшалар мен мектептерге кезекке тұру жаңа форматқа көшірілсе, тұрғындар аурухана, дәріханалардан қызметті электронды алатын болды.  

Біз партия ретінде аталған жұмыстарға белсенді қатысып жатырмыз. «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияның 22 жаңа бастамасы іске асырылуда. Биылғы жылы 10 жоба іске қосылды, олардың үшеуі цифрландыру бойынша – цифрлық партия, балаларға арналған тегін IT-класстарын ашу, мамандарды даярлау үшін IT-орталықтар құру. Алдағы 2018-2020 жылдары
8 жастан 16 жасқа дейінгі 450 баланы білім берумен қамтитын барлығы 1000 IT-сыныпты ашу жоспарланған. Облыстағы 18 мектепте, үш колледжде, балалар мен жасөспірім сарайында 22 IT-сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Элективті курстарда оқушыларға бағдарламалау тілін және робототехника негіздерін, қарапайым алгоритмдерді құрастыру дағдыларын, бағдарламалар мен веб-сайттар жасау, компьютерлік ойындар мен анимация үйретіледі. Мұндай цифрлық біліктілігі бар оқушылар одан кейін қалалық, республикалық деңгейдегі стартаптарға қатысып, өз жобаларын ұсына алады. Қазірдің өзінде жоғарыда аталған IT-сыныптардың саны 10-ға жетіп отыр, ал ағымдағы жылдың соңына дейін олардың саны 40-қа жететін болады.

– IT технологияларын меңгерген мамандар тапшылығы еліміздің қай өңірінде де басты мәселе болып отырғаны анық. Бұл мәселені шешу мақсатында аймақта кадрларды дайындау, адами капиталды дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Аймақта IT-мамандарды даярлау іске асырылып жатқан белсенді жобаларды бірі. Бұл мақсатта партия филиалы аймақтық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, жоғарғы оқу орындармен, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен IT-компаниялармен меморандум жасасты. Мамандарды даярлау «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 3 мамандандырылған орталықта жүргізіледі. Оқушылар 4 ай ішінде тегін курстардан өткеннен кейін, сертификат алып жұмысқа орналасады. Қазіргі кезеңде бұл бағыт бойынша 41 маман даярланған. Аталған жобалар кәсіпорындармен бірге де іске асып келеді. Соның дәлелі ретінде, Жезқазған қаласында «Ютария» компаниясымен жаңартылған және автоматтандырылған өндірісте тігіншілерді даярлау орталығы ашылған.

Жақында Қарағанды қаласындағы техникалық құрылыс колледжінің жаңынан IT орталық ашылып, ақпараттық технологиялар саласындағы дизайнерлер мен кәсіпкерлер дайындалады. Сондай-ақ 120 студентке осы IT саласында жергілікті университеттерде білім беріп, болашақта оларды жұмыспен қамту көзделіп отыр. 

– Облыстағы кітаптардың онлайн форматқа көшірілуі қалай жүріп жатыр?

– Бүгінгі таңда кітапханаларды цифрландыру кеңінен қолға алынуда және барлық мектептер мен университеттердің кітапханаларын орталықтандырылған жүйеге, онлайн кітапханалар жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай заманауи коворкинг орталықтар ашылып жатыр,
3 айдың ішінде облыста 7 орталық ашылды. Олар кітапханалар базасында ашылған, яғни кітапханаларды модернизациялау барысында жастардың немесе қандай да бір жастағы оқырмандардың, электронды кітаптарға қолжетімділігі, сонымен қоса ресми емес кездесулер, белгілі бір тақырыптарда талқылау жүргізуге қолайлылығы қарастырылған. Тағы бір ерекшелігі оқырман QR код арқылы кез-келген кітапты қордан оқи алады. Мұндай қолайлы жағдайлар жастардың кітап оқуға деген зейінін ашып, қызығушылығын арттырады деген ойдамыз.

– Қарағандыда жүзеге асырылып отырған «Геоақпараттық онлайн бизнес сервис» жобасының көздеген мақсаты мен жоба арқылы шешілетін мәселелер туралы айтып берсеңіз.– Жоба шағын және орта бизнесті қолдауға және бизнес-модельдерді іске қосуға бағытталған. Іске асырудың негізгі тәсілі мен принципі жеке және мемлекеттік бизнес қызметтерін онлайн форматқа көшіру болып табылады. Бұл арқылы аймақта талаптарға сәйкес келетін бос жер учаскелерінің электронды картасы жасалады. Алдағы уақытта бұл сала бойынша өңірдің іс-әрекеті туралы ақпараттар республикалық деңгейде қолжетімді болады.

Бұл жоба аймақтағы шағын және орта бизнестің деңгейін жоғарылатып, бәсекеге қабілеттілігін арттырып,  мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді.

– Тұрғындардың жаппай цифрландыруға, онлайн жүйеге көшуге деген көзқарастары қандай, цифрлық технологияларды меңгеру қарқыны?

– Бағдарлама толықтай халықтың жағдайын жақсартуға, қолайлы орта жасауға бағытталып жасалған. Негізінен, халық бағдарламаны дұрыс қабылдады. Алайда, кейбір кездері халық электронды форматқа көшуге сенімсіздік білдіреді, бірақ бұл жағдайда көрнекті үлгі ретінде ХҚКО тәжірибесін атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда халық цифрлық сауаттылықты жоғарылату курсынан өтіп жатыр. Курста негізгі цифрлық машықтар, «электрондық үкімет» және электрондық мемлекеттік қызметтер, ашық үкімет және электрондық сауда саласында жұмыс істеуге үйреніп, сертификат алады.

Тұрғындардың көпшілігі медицина саласында «Damumed» бірыңғай онлайн жүйесі арқылы дәрігерге жазылу, дәрігерден қашықтықтан кеңес алу сияқты қызметтерді кеңінен қолдануда. Сондықтан, енгізіліп отырған жүйелерді, цифрлық технологияларды түгел меңгеріп алатын болсақ, алдағы уақытта азаматтардың өміру сүру сапасы одан әрі артатына кәміл сенемін.

Сұхбаттасқан Әйгерім Дастанқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары