Әр оқу жылы басталар алдында дәстүрлі түрде ұстаздар қауымының тамыз кеңесі өтеді. Бұл хабарлауды қажет етпейтін жыл сайын өтетін игі шара. Биыл да қала мектептерінің педагогтары осы жиында бас қосып, өткенді қорытындылап, ертеңге айқын жоспар құрды. Білім қызметкерлерінің кеңесі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» аясындва өтті.
Жезқазқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовтың төрағалығымен өткен басқосуға қалалық мәслихат хатшысы, облыстық мәслихат депутаттары, Жезқазған аймақтық білім қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы, білім саласының ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, университет, колледж және мектеп басшылары мен оқытушылары қатысты.
Алғаш болып Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлсім Қожахметова баяндама жасады. қадірлі мейманның айтуы бойынша, биылғы оқу жылынан бастап 1 сыныпқа баратын балаларды үйден шықпай-ақ, мектепке «bilim-al» порталы арқылы тіркеуге болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 6 жасқа толған барлық балаларды мектепке қабылданады. Еске сала кетсек, бұған дейін балаларды мектепке қыркүйек айында толық 6 жасқа толғанда ғана алатын. Енді 31 желтоқсанға дейін туған күндері болатын барлық бүлдіршіндер 1 сыныптың табалдырығын аттай алады. Сондай-ақ, мектепке баратын баланың ата-анасы мен мектеп аратында келісім-шарт жасалатын болады. Бұл құжат екі жақтың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын болады.
Биылғы оқу жылы жаңашылдықтарға толы болмақ. 5-6-7 сынып оқушыларына арнайы «Өлкетану» пәні дайындалды. Бұл пән Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география және музыка пәндерін біріктіріп оқытатын болады. Республикалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «тәрбие және білім» бағыты бойынша әзірлегенген бұл жаңа оқулық балаға туып-өскен жерінің тарихын оқытуды көздейді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру үшін информатика пәні 3 сыныптан бастап оқытылады. Ал, келесі оқу жылынан бастап 1-2 сыныптан басталады.
Гүлсім Қожахметова өз баяндамасында кадр мәселесін де қозғады. биылдан бастап мұғалімдер үшін аттестациялаудың тәртібі мен ережесі өзгереді. Аттестацияның басты талабы – ұжымдық жұмыс, жүйелі және ашық жұмыс түрі. Орта білім беретін мұғалімдерге келесі біліктілік категориясы анықталды: педагог, педагог-модератор, педагог-зерттеуші, педагог-шебер. Осы санаттарға сәйкес ұстаздарға 30%-дан 50%-ға дейін еңбекақыға қосылатын болады.
Биылдан бастап мектеп директорларын сайлау тәртібі өзгерді. Басшылыққа тағайында 4 дейгей бойынша өтеді. Бірінші деңгейде ұсынылған кандидатты қамқоршылық кеңеспен талқыланады. Одан
кейін, маманның біліктілігі сыналып, тест тапсырады. Үшінші деңгейде үміткерді облыстық білім басқармасы қарайды. Соңғы дейгейде қалалық білім бөлімінің мамандары кандидатпен сұхбат жүргізеді. Кандидат барлық талаптарға сәйкес болса, онымен 4 жылға еңбек шарты жасалады.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал: заманауи үрдіс моделі мен даму болашағы» тақырыбында қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Әлмағанбетов баяндама оқыды. Білім бөлімінің биылғы 5 млрд 791 млн 102 мың теңгені құрайды. Осы қаражатқа 528 бірлік компьютерлер, 23 жаңа модификацияланған сыныптар, 5 роботехника зертханасы, 5 хоккей және футбол корты, 136193 дана оқулық, 1888 мектеп жиһазына жұмсалды. Білім бөліміне қарасты 14 бөбекжайда 3183 бала тәрбиеленеді. Мектеп алды дайындықта 1611 бала бар. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамту 71%, 3-6 жас аралығындағы балаларды қату 95,8% құрайды. Бұл облыс бойынша 98,8% көрсетеді. Мектепке дейінгі білім ұйымдарында 396 педагог қызмет етеді. Мұғалімдердің сапалық құрамы 26,4%.
Жеңіс Едігеұлының айтуынша, Қаламыздағы №6 «Балауса» бөбекжайы облыстық «сырттай балабақша» серіктестікке қадам басып, әлеуметтік-педагогикалық жобаны іске асыруда. Шахтинск қаласында өткен облыстық семинарда іс-тәжибемен алмасып қайтты. Сонымен қатар, бөбекжай республикалық «әліппе» жобасын қолға алып жатыр. Бұл жоба бойынша кішкентай бүлдіршіндер әріптерді үйреніп қана қоймай, дыбыстарды ажыратып, олардан сөз, сөзден сөйлем құрауды үйренеді.
Қаламыздағы білім ошақтарында барлығы 1182 педагог қызмет етеді. Жоғары санатты 295 және бірінші санатты 334 мұғалім бар. 67 мұғалім облыстық, республикалық педагогикалық шеберлік байқаулардың жүлдегері болған, 63 мұғалім ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасса, 98 мұғалім облыстық семинар, шеберлік сыныптарға қатысып, онлайн сабақ, коучинг өткізді.
Оқушылар білім алып, мұғалімдердің өз деңгейінде сабақ беруге барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу үшін, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісін құру керек. бұл балаларды ғылыми зерттеу саласына және өндірістік-техникалық ортаға бейімдеуге септеседі. Білім беруді сандық форматқа ауыстыруға мүмкіндіктер жасалып жатыр. IT саласын дамыту жолында жұмыстар жүргізілуде.
Адами капиталдың маңыздылығы жөнінде тамыз конференциясының қадірлі қонағы, «Рухани жаңғыру» жобалар кеңсесінің менеджер-кеңесшісі Бақытқали Мұсабеков айтып берді. Ұлттық кодты жоғалтып алмас үшін ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз – тіліміз, діліміз, дінімізді сақтап қалу керек. ол үшін ұлтының
жанашырын, Отанына адал қызмет ететін нағыз патриоттарды тәрбиелеу мұғалімдердің алдындағы басты мақсат болу қажет. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген тіл жанашыры өзінің «Шешендік өнер әліпбиі» кітабын көпшілікке таныстырды. Бұл еңбегінде Бақытқали Мұқанбетқалиұлы ұлттық мүддені ойлап, елі үшін аянып қалмаған қызыл тілдің һас шеберлерін қамтығандығын айтады. Сүттібай би, Жақсы Жанқұтты, Шабанбай Қалқаманұлы, Жалаңтөс батыр секілді біртуар алыптардың өмірі мен өнері кітаптың басты тақырыбына айналған.
- «Бұл қиыннан қиыстырып, төтеден төте сөйлейтін, ұшқан құсты тілімен оратын дүлдүл шешендердің мұрасы. Ел аузынан жинақталған мұралар. Кітапта Жаңғұтты бидің, Байдалы мен Қаз дауысты Қазыбек бидің сөздері бар, Бұқар Жырау бабамыз да сөйлейді. Қолда бар дүниелердің біразы сөйлейді. Кітапты Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына, Алаш үкіметінің 100 жылдығына арнап шығарып отырмыз»,- дейді Бақытқали Мұсабеков.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті орта жасап, олардың сапалы білім алуы жөнінде қаламыздағы №3 орта мектептің директоры Жанна Болатбекова өз баяндамасында айтып берді. Мысты қалада ерекше білім беруді 232 бала қажет етеді. Оның 112-сі мүгедек. №3 орта мектепте 61 ерекше бала оқиды. Балалармен координатор, логопед, дефектолог, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жұмыс жасайды. 2014 жылдан бастап №3 мектепте инклюзивті сынақ алаңы жұмыс істейді. биыл дәл осындай алаң №21 мектепте де ашылды. 2017-2018 оқу жылында 30% мектептерде инклюзивті білім беру жолға қойылды. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 70% құрау керек. биылғы оқу жылында №26 гимназия мен №9 тірек-ресурстық орталықта да инклюзивті білім беру жүйесі басталады.
Осы уақытқа дейін үйде оқытылған 3 бала арнайы сыныптарда оқып жатыр. Ал, арнайы сыныпта оқыған 7 бала инклюзивті білім беруге ауысса, инклюзивті сыныпта оқыған 2 оқушы орта мектепке көшірілді. Ерекше балалар басқа адамдармен сөйлесуге, олармен қарым-қатынас құруға қорқады. Мектеп базасындағы арнайы сыныптар оларды үлкен өмірге дайындап, қоғаммен араласуға септігін тигізеді. 2017 жылдан бастап қаламызда «біз - әртүрліміз, бірақ, біз – теңбіз» атты жоба жұмыс істеуде. Осы жоба аясында жыл сайын «Күншуақ» атты ерекше балалардың фестивалі өтеді. Бұл фестиваль балалардың шығармашылық қыр-сырын ашады.
Жиынның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша ардақты ұстаз мамандығын таңдап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосам деген жас мамандарға ақ жол тіленді. Сонымен қатар, білім саласындағы көп жылғы адал еңбегі үшін, білім саласының дамуына зор үлес қосқан, білікті әдіскер-ұстаз Құралай Мұқанова, білікті ардагер-басшы Сәуле Балмағамбетова, балалар мен жасөспірімдер сарайының «туризм және өткетану» бөлімінің меңгерушісі Нұрғали Балтабаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Қазақстанның салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының жоғарғы марапатымен «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс төсбелгісімен №24 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Заозерова марапатталады.
№6 бөбекжай директоры Альмира Қадырбаева ҚР Білім және ғылым министрлінің Алғыс хатына лайық деп танылды. Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен №7 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Айжан Жаукумова, №1 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Балгупа Кудинова, облыс әкімінің Алғыс хатымен №4 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі Гүлнар Жақыпбекова марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Алғыс хаты №4 орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Нұржан Әмірин, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен №2 орта мектептің Дәмелі Шутикова, №8 гимназияның бейнелеу өнері, сызу және технология пәндерінің мұғалімі Алтынай Тәшімова, №26 информатика пәнінің мұғалімі Валентина Шмидт, №22 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Дина Сексенбаеваға табысталды.
№11орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Анар Сәбитова мен №24 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Ідірісова облыстық білім басқармасының Алғыс хатына ие болды.
№3орта мектебінің өнертану мұғалімі Ольга Абанина, №9 жалпы білім беретін мектеп-интернатының (ресурстық орталық) ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әнел Минасипова, №5 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Раушан Байжантаева Жезқазған қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА