$ 498.34  519.72  4.85

Ғылымға бастар конференция

Мысты қалада өткен Ө.Байқоңыров атындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті.

«Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайындағы адами капиталдың рухани даму мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы республикалық конференциясы биыл да жоғары деңгейде өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Қарағанды облыстық білім басқармасы ұйытқы болған конференцияға республиканың түпкір-түпкірінен қырыққа жуық мұғалімдер қатысты. Қонақтарға конференцияның алғашқы күні Жезқазған қаласына, Ұлытау жеріне, Жезді кентіндегі М.Төрегельдин атындағы тау-кен балқыту ісі тарихы тау-кен мұражайына эскурсия ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының білім беруді дамыту орталығының әдіскері Түкбаева Зәуре бұндай үлкен көлемдегі шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты аға буын мұғалімдер мен бүгінгі жас мамандарды бір ортаға жинап, олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру дейді. Сонымен қатар, бұл конференция тек кәсіби емес, рухани ілім алып, білім қоржынын толықтыруға септеседі.

Ғылыми жиын екінші күні қаламыздағы №1 орта мектепте бастау алды. Ұстаздар жеті секция бойынша өз жұмыстарын ұсынды. Оның алғашқысы «Өлкетану – ұлттық жаңғыру» деп аталды. Мұнда оқытушылар өз өңірлерінің тарихымен таныстырды. «Ақылды технологиялар – еңбек өнімділігін дамыту мүмкіндігі» деп аталған пікірсайыс алаңында оқытудың жаңа коммуникациялық технологияларын меңгерудегі жаңашылдықтармен бөлісті. Үшінші секция «Ұлы дала мәдениеті» деп аталды. Дала өнері, мәдениеті, әдебиеті туралы том-том болып жазылып, зерттеліп келеді осы күнге дейін. Сол зерттеулердің бір парасын осы пікір алмасу алаңында көре алдық. «Сал-серілер сабақтастығы» атты алаңында аты айтып тұрғандай қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын серілер шығармашылығы, оның берер тәрбиесі, өнегесі сөз болды. «Халық денсаулығы және саламатты өмір салты» секциясында «Қоғамдық денсаулықты сақтауда сүліктің пайдасы», «Қалдықсыз технология» сынды өзекті тақырыптарда зерттеулер тыңдалды. «Заманауи математика-жаратылыстану ғылымдарының дамуы» атты пікір алмасу алаңында бүгінгі бәсеке артқан заманда сұранысқа ие саланы үш тілде оқыту мәселесінде баяндамалар оқылды. Соңғы «Табиғат және біз» алаңында мұғалімдер агротуризм, дәрілік өсімдіктер, денсаулық жайында ой бөлісті.

Конференция Халықтар достығы және мәдениет үйінде пленарлық отырыспен жалғасты. Қарағанды облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлсім Қожахметова кіріспе сөз сөйлеп, жиынға қатысушы педагогика саласының ардагерлеріне облыстық білім басқармасының басшысының атынан құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыстады. Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова өз кезегінде академик Өмірхан Байқоңыров атындағы конференцияның мысты қалада өтуі үлкен мәртебе екенін айта кетіп, ғылым мерекесіне жиналғандарға алдағы уақытта сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жиынға технология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Қонтаев қатысты. Ол Өмірхан Байқоңыровтың қызы Алия Өмірханқызының алғысы мен әкесі туралы естелігін оқып берді.

Жиын қатысушыларды марапаттаумен жалғасты. Бірінші пікірсайысы бойынша жезқазған қаласынан қатысқан Юлия Сушко мен Шәрбан Қуанышбекова І дәрежелі дипломға ие болды. Үшінші секцияда «Қазіргі балалар әдебиеті және Мұқан Иманжанов» атты зерттеу жұмысын қорғаған Торғын Түсіпова ІІІ орынды иеленді. Бүйректің жұмысы жайында толық айтып, баяндвап берген Гүлайша Ералиева ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Үштілділікті дамытудың тың жолдарымен таныстырған Ардақ Әбдіғұлова мен Гүлмира Бектасова ІІІ орынға лайық деп танылды. Ұлытау өңірінің агротуризмін дамыту жолдарымен таныстырған Назерке Шынтасова ІІІ орын және Сандуғаш Әбдіғұл ІІ орынды иеленді. Ал, киелі Ұлытау жеріндегі дәрілік өсімдіктерді зерттеп, еңбек жазған Бағлан Досжанова жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, жиын барысында әр секцияда жетекші болып, төрелік еткен модераторларға Алғыс хат табысталды.

Ғылыми конференцияны Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов қорытындылап, Елбасы жолдауының маңызды аспектілеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар, ұстаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары