$ 498.34  519.72  4.85

Жезқазғанда «Кетбұқа-жырау, аталық қолбасшы» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция өтті

Жезқазған қаласы әкімдігі, «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Республикалық «Кетбұқа-жырау, аталық қолбасшы» тақырыбында жас ғалымдар арасында ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияға қалалық әкімдік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, түрлі мекеме –ұйымдар, жоғары және орта оқу, жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары мен жергілікті ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздік күні мерекесінде сөйлеген сөзінде: «Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысына ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері», – деген болатын.

Демек бүгінгі Қазақстан – кешегі күннің мұрагері, ұлы атанған халық. Ал ұлы халықтың өткен күндерінде таңбалы тарих шежіресі жататыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінгі конференцияда сол таңбалы тарихтың бірер бетін парақтап, даңқы дала жұртына мәшһүр болған қолбасшы, би, жырау, аталық Кетбұқа бабамыздың тарихи тұлғасы мен тарихи орны, мұрасының маңызы тілге тиек болды. Конференция жұмысына Жезқазған қаласынан өзге Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Арқалық қалалары мен Ұлытау аудандарының өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Жалпы конференцияға 30-ға тарта ғылыми-теориялық жобалар келіп түсті. Бұл ғылыми ізденістер алдағы уақытта кітап болып басылып шығатын болады.

Конференция жұмысының регламенті құттықтау сөз айтушыларға 3-5 минут, баяндамашыларға 7-8 минут, жарыссөзге шығып, пікір айтушылар үшін 3-5 минут.

Еліміздің Ән ұраны орындалысымен алғашқы құттықтау сөзді «Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемелекеттік мекемесінің басшысы Салтанат Сүлейменқызы Нұрлыбаева құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық қорының төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері, ел ағасы, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров ізгі лебізін жеткізіп, жастарға ағалық батасын берді. Құттықтаулардан кейін «Қазақ билерінің құқықтық санасының кәсіби құқықтық мәдениетті жетілдіруге ықпалы» тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимұлы Ибрагимов баяндама жасады.

Келесі «Ақсақ құлан» тарауларының Маңғыстау жерінде сақталуы» атты баяндаманы (слаид) Қазақ Ұлттық өнер университеті, домбыра кафедрасының аға оқытушысы, Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі Жұмабек Боранбайұлы Қадірқұлов жұрт назарына ұсынды. «Кетбұқа ноянның тарихи портретіне ізденіс» тақырыбында баяндаманы тарихшы, өлкетанушы, Кетбұқа бабамыздың ғұмырнамесін зерттеуші, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі тарих және археология бөлімінің басшысы, тарих магистрі Ғабдол Жәнділдаұлы Әуезов жасады. Жарыссөзде Жезқазған музыкалық колледжінің оқытушысы, тарихшы, археолог Ләззат Сенбинова бұл конференцияның әсіресе жастар үшін берері мол екенін айта келе, ел жастарын ел мен жер тарихын терең білу үшін, отансүйгіш, ұлтжандылыққа тәрбиелеу баулу үшін осындай конференциялар жиі өтіп тұрсын деген ұсынысын ортаға салды. Жезқазған медициналық колледжінің суденті Дидар Тұрмысов Кетбұқа жырларын өлкетану сабағына кіргізсе деген ойын айтты.

Жезқазған қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отырған «Кетбұқа-жырау, аталық, қолбасшы» деген тақырыптағы республикалық жас ғалымдар ғылыми-теориялық конференциясы – 2015 жылдың 20 ақпанында Астана қаласы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық универстетінде және 2017 жылдың қазан айында Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өткен халықаралық ғылыми конференциялардың заңды жалға деп біліңіздер.

Кетбұқа тұлғасын тану және насихаттау жұмысы бұдан әрі жалғаса береді деген сенімдеміз. Өйткені баба тағылымын танимын деген жастарымыздың құлшынысы ерекше. Қорыта айтқанда, бүгінгі конференция өз мақсатына жетті дей аламыз. Қортынды сөзді және конференция Үндеуін «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бақытжан Көпбаев оқып, белсенді қатысқандарға арнайы сертификаттар тапсырды.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары