02.09.2015, 09:04

Еліміздегі 30 мектеп 12 жылдық білім беру жүйесіне көшті

e-kyzylorda.gov.kz

Жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алатындардың қатарында Ақтаудағы мамандандырылған физика-математика мектебі де бар. 1-сыныпқа қабылданған 125 балғын енді әлемдік талапқа сай оқытылатын болады. Ол үшін мектепте қажетті жағдайдың барлығы жасалған, деп жазады 24kz.

Арнайы құрал-жабдықтармен және оқулықтармен қамтылды. Оқушылардың барлығына Елбасының арнайы сыйлығы «Менің Отаным – Қазақстан» кітабы табысталды. «Бұл кітап оқушының отансүйгіштік сезімін оятып, тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді»,- дейді ұстаздар. Білім және ғылым министрлігі бекіткен пилотты жоба жемісін берсе, келесі жылдан бастап еліміздегі барлық мектеп 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Хансұлу Қидашева, ардагер ұстаз: - Жас балалардың аттаған қадамдары құтты болсын. Мектептің биылғы оқу жылында 1-сыныпты бастап жатқан оқушылар жаңа бағдарлама бойынша 12 жылдық мектеп бойынша білім алады. Жақсы білім алып, тәрбиелі, саналы азамат болып, еліміздің болашағын, мемлекетімізді ұстайтын осы балалар. Болашақтары зор болсын деймін. Гүлмира Өтегенова, №11 мектеп директорының бастауыш сынып бойынша орынбасары: - Жаһандану әлемінде білім деңгейі бір орында тұрған жоқ, заман талабына сай дамып жатыр. Сол даму сәтінде біздің балаларымыз кейінге қалмасын, әлемнің балаларымен, іргелі елдердің, 30 мемлекеттің қатарында білімді болу маңызды шарт болып тұрғандықтан, білім саласын өзгерту – бүгінгі таңдағы мемлекетіміздің ең негізгі мәселелерінің бірі.