Осыдан бір аптадай уақыт бұрын Украина тарапы Қазақстандағы мектеп оқулықтарында Қырым жартыаралының статусы дұрыс көрсетілмеген деп, наразылық нотасын жолдаған болатын.
Киев еліміздің Білім және ғылым министрлігіне аталған кітаптарды айналымнан алып тастуын сұраған. Бүгін осы жайтқа байланысты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитеті оқулықтар бойынша республикалық комиссияның басын қосып, жиын өткізді. Комиссия құрамында ғалымдар мен сарапшылар бар.
Жиын қорытындысы бойынша, комиссия мүшелері «Мектеп» баспасының 10-11 сыныптарға арналған география және әлем тарихы пәндерінің оқулықтарындағы кейбір материалдар сараптау мен бағалаудан өтпеген деп таныды. Сондай-ақ, кітап авторлары кейбір фактілерді қолданбаған дейді олар. Атап айтқанда, Қырым мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанған позициясы ескерілмеген.
Осы жайттарды ескере отырып, комиссия мынадай шешімге келді:
«Мектеп» баспасы аталған оқулықтарға түзетулер енгізіп, қайта басып шығуы тиіс.
«Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы кітаптардың мазмұнын мұқият зерттеуі тиіс, әсіресе саяси тұсын. Ал, Оның басшылығына сөгіс беріледі.