15.07.2014, 12:15

2016 жылғы талапкерлерді жаңа жүйе күтіп тұр

Сурет: vechastana.kz

Еліміздің жоғары оқу орындары 2016 жылдан бастап талапкерлерді өздері қоятын талаптар бойынша қабылдайтын болады, деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары».

Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

— Біз орта білімді жаңартумен қатар, жаңа бағалау жүйесін жасақтап жатырмыз. Бұл жүйе мектеп түлектерінің бітіру емтихандары ғана емес, сонымен бірге ЖОО-на түсуге де мүмкіндік бермек. Мұндағы мәселе, ЖОО-на баратын талапкерлерді ЖОО-лардың өздері қойған талаптар бойынша қабылдауына біршама мүмкіндік беруде болып тұр, — дейді министр.

Оның айтуынша, мұндай жүйе шығармашылық емтихан қабылдайтын мамандықтарда қолданылып келеді. Осылайша, 2015 жылдан бастап елімізде бағалаудың жаңа жүйесі қолданыла бастайды. Ал, арғы жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіле бастамақ.