Күні кеше ғана жаңа тағайындалған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 3 мыңға жуық терминнің өзгертілгенін мәлімдеген болатын. Осыған қатысты ойларын тіл мамандары, журналистер мен блогерлер желіде қызу талқылап жатыр.
Саясаттанушы Болат Тілепов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жаңа министрдің бұл қадамын қолдайтынын жазған.
«Дұрыс қадам. Нағыз қолданысқа икемді, жүріске жарамды тіл - өз сөліне қанып, өзгенің дәмін де ала білуі керек. Бүгінгі әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымның ресми 10 халықаралық тілдерінің ешбірі қадалған жерде қаз қалпында сақталған тілдер емес», – деп жазған ол.
Журналист Мәди Манатбек болса, оның бұл пікірімен келіспейтінін айтып, сөздік қолданысқа еніп кеткен терминдерді өзгерту бассыздық екенін жеткізен.
«Қылтима», «шаптырманы» ешкім қолданбайды. Ел ондайды күштесең де қабылдамайды. Бірақ «сынып» пен «әнұран» әдемі аударылған, сіңіп те кетті. Енді елдің миын ашыта бермей, екі нұсқаны да қолдана беру керек. Өздігінен шешім шығару дегенді де қою керек. Ел бар. Елмен ақылдассын!», – деді ол.
Журналист Ахмет Өмірзақ болса, оқушылардың жаңа терминдердің біразы тілдік қолданысқа сіңіп кетті дейді.
«Азатжол» – «абзацтың» орнына келген дұрыс сөз. Бүгінгі оқушылар солай деуге жақсы дағдыланды. Ал біздер баяғыда миымызға сіңіп кеткен жат сөзді қимай, қара басымызды ойлап, ұрпаққа жанымыз ашымайды! Өзімізден кейінгіні ойлауымыз керек», – дейді ол.