02.07.2019, 11:19

Шымкентте зерек балаларды даярлайтын еліміздегі алғашқы мамандандырылған білім ошағы ашылады

«Асыл бала» мектеп-балабақша кешенінде жас бүлдіршіндер UCMAS халықаралық бағдарламасы мен DynEd ағылшын тілін меңгеру жүйесі арқылы білім алады. Бұл туралы есепке жүйрік оқушылардың жеңісімен бөліскен «Алиар» даму орталығының директоры Ұлжалғас Алиханова айтып берді.

– Оқу жылының соңында шымкенттік озат оқушылардан құралған топ Еуразиялық зияткерлер сайысына қатысып, үздік нәтиже көрсетіп қайтты. Елордада өткен білім сайысына UCMAS Халықаралық академиясының ТМД елдері мен Орта Азия мемлекеттерінен 1000-нан аса оқушы қатысты. Солардың ішінде Шымкенттен барған 34 өрен де бар. Бұл олимпиаданың басты ерекшелігі – «Most People Solving Math Matrix Together» әлемдік рекордына қол жеткіздік. Бұл дода тарихқа әрі «World Records Union» және «Asia Book of Records» әлемдік рекордтар кітабына енеді. Аталмыш олимпиаданың ережеге сай өтуін рекордтар кітабының өкілі доктор Рой Човдхуры Бисварооп қадағалады, - дейді директор.

Сол білім сайысында Кирилл Ким мен Сафина Ерметова бірінші орыннан көрінген. Қалған балалар да жүлделі оралды. Бір қуантарлығы, санаулы жылда есепке жүйрік осындай «калькулятор балақайлардың» саны едәуір артады. Өйткені қаламызда мамандандырылған мектеп-балабақша кешені іске қосылмақ. Аталған жоба жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асады. Бұл жоба балғындардың ой өрісін, есептеу қабілетін арнайы есеп құрылғысы арқылы жетілдіруге бағытталған.

«SN.kz» - ақпарат»