Биылғы оқу жылына 53 785 грант бөлінді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қазіргі уақытта тегін білім алу гранттарына үміттілер саны 57 мыңнан асып жығылады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов мәлімдеді. Сондай-ақ, жас түлектер ақпараттық технологиялар мамандығын жиі таңдайтын болған.
«Қазіргі уақытта білім беру бағдарламасы арасында сұранысқа ие ақпараттық технологиялар. Оған 4 мыңға жуық үміткер өтініш түсірді. Одан кейін медицина, мұғалімдерді ағылшын тіліне дайындау, қала құрылысы сынды мамандықтарға сұраныс жоғары. Бұрынғыдай құқыққорғау мамандығы алда тұрған жоқ. Бұл мамандыққа халықаралық құқық, құқықтану және кеден ісі сынды мамандықтар кіреді. Биыл оған тек бір мыңнан аса адам өтінім түсірді», - дейді Дидар Смағұлов.
Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда, оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының төрт тобына дейін көрсете алады. Конкурсқа өтініштер қабылдау 20-шы шілдеге дейін жүргізіледі. Білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайтына жарияланады.