Дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Билік әдеттегідей уәдені үйіп-төкті: мұғалімдердің жалақысы көтеріледі; 2021 жылы А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі «Әліппе» қайта шығады. Іліп алар жаңалығы осы болған конференцияға жиналған 2,5 мыңдай мұғалім президент Тоқаев пен 13-інші министрі Асхат Аймағамбетовтің айтқандарына бас шұлғысып тарқасты. Бірақ орта білім саласындағы баяғы проблема сол қалпы 13-ші министрдің құзырына көшті. Ол – оқулық мәселесі.
Оқулық десе, әр ата-ана «тағы қандай қатесімен таңғалдырар екен» деп, кітап бетін қорқақтай ашатын халге жеткелі қашан. Қателіксіз оқулық шығару Қазақстан үшін алынбас қамалға айналды.
Қателік қайдан шығады?
Қоғам оқулықтың қателіктерін теруден, айтудан шаршай бастағанда су жаңа министр Асхат Аймағамбетовтің өзі оқулықтардан қателік тапты: «Әдейілеп оқулықтарды қарап шығып, қателіктер таптым. Біреулер мұны жаңылыс басылған немесе техникалық қате деп түсіндіреді. Қалай болғанда да, қатенің аты – қате. Қарапайым қателер. Мәселен, жауабы шешіміне сәйкес келмейтін тапсырмалар бар. Аудармада қателіктер өріп жүр. Мұндайға мүлдем жол беруге болмайды. Бұл жыл сайын қайталанып келеді. Қашанға дейін бұлай жалғаспақ?» Қашанға дейін жалғасатынын бір білсе, министрдің өзі біледі.
Оқулық дайындау бірнеше сатыдан тұрады. Оқулықтың әдістемелік жағын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаса, баспалар оқулық жазатын авторларды ұйымдастырып, министрлікке ұсынады. Министрлік авторларға келісім берсе, авторлар оқулық жазуға кіріседі. Жазылған оқулықты баспаның сарапшылары, қоғамдық сарапшылар қарап шығып, қателерді теріп ескертпе жасайды. Одан кейінгі саты – «Оқулық» орталығы. Министрлікке бағынышты бұл орталық оқулықтарды әр пән бойынша сараптайды. Орталықтан өткен оқулық министрліктің жанындағы республикалық комиссияға беріледі. Комиссия шұқшиып және қарайды. Осыншама тексерістен өткен оқулықтан қатенің өзі түгіл, көлеңкесін табу қиын секілді көрінеді. Бірақ оқулықтағы қателер жасырынып жатқандай қайта шығады. Жыл сайын осы.
"Кітап дайындау барысында оқулыққа жауапты бірде-бір мекеме жоқ. Бір оқулықтың айналасында алты орган бар. Қандай да бір қателік кетсе, мекемелер бір-біріне сілтейді", - мұғалім Аятжан Ахметжанұлы.
Оқулық дайындау күрделі процесс болғандықтан, оның айналасында бірнеше мекеменің болуы заңдылық та шығар. Әйткенмен «қойшы көп болса, қой арам өледі» дейтін сөздің де жаны бар. Мәселен, «Мектеп» баспасы біздің оқулықтағы қателіктерге байланысты салған сұрауымызға: «Оқулықтың бағдарламаға сәйкес жазылуына, оның құрылымы мен мазмұнына автор, ал стилистикалық, орфографиялық, пунктуациялық және техникалық жағына баспа жауапты» деп қысқа қайырыпты. Бір оқулықтың жауапкершілігі екіге бөлінеді. Қателіктің кімнен, қайдан шыққаны тағы да шым-шытырыққа бастайды. Дегенмен баспалар оқулықта қате кететіндігін мойындайды әрі қатемен жұмыс істеу барын да айтады.
"Оқулық сапалы болу үшін баспа да, авторлар да жауапты. Мақсат-мүдде ортақ болғандықтан, қателіктерді болдырмауға тырысамыз. Оқулықтарда стильдік, орфографиялық, пунктуациялық қателіктердің болмауын қадағалап отыратын арнайы редакторларымыз бар. Бұл іске А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары да тартылған. Редакциялау барысында соңғы шыққан еңбектерді, орфографиялық сөздіктер мен анықтағыштарды басшылыққа алып отырамыз. Негізгі мақсат – оқушыларды қазақша сөйлеп, жазуға дағдыландыру ғана емес, қазақ тілінің заңдылықтарын біліп, түсініп, қатесіз жазуға баулу. Сондықтан оқулықтың сапасын арттыру мақсатында баспа тарапынан жасалып отырған шаралар көп", - «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің директоры Анар Елемесова.
Оқушы мен ата-анаға ақталу емес, қатенің жойылғандығы және сапалы оқулық керек екені айтпаса да түсінікті. Бірақ қос баспа айтып отырғандай, жауапкершілік екіжақты және қате түзеу жұмыстары жүріп келе жатса, онда неліктен оқулық жыл сайын қатеден көз ашпайды?
"Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазіргі оқулықтар бұрынғы оқулықтарға ұқсамайды. Кеңес заманындағы бұрынғы оқулықтар жылда қайталанып басылып шығатын да, қателіктер болса кезекті басылымда түзелетін. Яғни күрделі өзгерістер болмайтын. Ал қазіргі оқулықтар Қазақстан тарихында бірінші рет жаңа форматта, жаңа мазмұнда, жаңа құрылымда жасалып жатыр. Жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес, оқулықтың мазмұны оның ішіндегі тапсырмалар, материалдар өте көп өзгерістерге ұшырады. Сондықтан жаңа тапсырмалар, жаңа иллюстрациялар, жаңа мазмұн жасағанда бірен-саран қателіктер кететіні заңды құбылыс. Мысалы, біздің сараптама орталығына келетін оқулықтарды көретін болсақ, қате өте көп. Бірақ сараптама жұмысының ауқымды жүретіні соншалық – оқулықтың оқушының жас ерекшелігіне сәйкестігі, бағдарламаға сай келуі, құрылымдық жағынан жүйелілігі, стилистикалық, грамматикалық қателер – бәрі-бәрі қаралады. Кейде бір оқулыққа жасалатын ескертпелер жиырма беттей болады. Сөйтіп, оқулық қайта қарауға жіберіледі. Бірақ бірнеше саты сараптамадан өткеніне қарамастан, кейбір оқулықтарда қате кетіп жататынын мойындау керек. Иә, оқулық қатесіз болу керек, ол дұрыс. Сонда да өрескел қате кетіп, катастрофа болып жатыр деуге болмайды. Оқулықта қате болмас үшін қоғамда сын-пікірлер айтылып жатыр. Министрлік те сын көзбен қарап отыр. Қате болдырмау үшін жұмыстар жасалуда", - деді «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек.
Сонымен, оқулықтағы қателіктің бір ұшы оқулықтың жаңалануында екен. Ал жаңа оқулық қатеден қашан арылатынын ешкім білмейді. Баспа қателікпен жұмыс істейді, «Оқулық» орталығы сараптамада үтір-нүктесіне дейін қарайды. Сонда да қатеден құтылмай келеміз. Бәлкім, кінәнің бәрі авторда шығар?
"Ең алдымен авторлар оқулықты негізгі жұмысынан қол үзбей жазады. Ғаламтор желісіне ғана сүйеніп қою жеткіліксіз әрі ондағы қателіктер көзіқарақты оқырманға белгілі. Жазбас бұрын, берілген шығармаларды түгелдей оқу, қазіргі методологияны меңгеру үшін оқулық авторлары көп ізденеді. Кітапхана олардың екінші үйі іспетті. Содан уақыт тапшылығы туындайды. Егер айлық сақталып, оқулық авторларына құрығанда бір ай демалыс берілсе, үлкен көмек болар еді", - деді филология ғылымының докторы, оқулық авторы Руда Зайкенова.
Баспалар авторлар құрамын жасақтап, тізімді министрлікте бекіттіріп, әрі қарай автормен жұмыс істегенімен, авторлар баспада тұрақты жұмыс істемейді. Осыдан келіп қаламақыға ғана оқулық жазатын авторлар үшін тұрақты жұмысы бірінші орынға шығады да, оқулық қосымша жұмысқа айналады. Айталық, авторға қаламақыны әр баспа оқулықтың сапасына, мазмұнына, көлеміне қарай өзі тағайындайды. Орта есеппен алғанда авторға оқулықтың әр баспа табағына 30-40 мың теңге төленеді. Руда Зайкенованың оқулық жазатын авторларға айлығын сақтай отырып демалыс беру туралы ойы осы жерден келіп шығады. Өйткені автор тек қана оқулықпен айналысу үшін алаңсыз ізденіп, негізгі уақытын сапалы әрі қатесіз оқулық жазуға жұмсауы шарт. Мәселен, баспамен келісімшартқа отырып, оқулық жазуды қолға алған авторға кесімді уақыт беріледі. Автор негізгі жұмысын атқара жүріп, оқулық жазуға кіріседі. Бұл асығыстыққа ұрындырады да, оқулықтағы қателікке әкеп соғады. Әлбетте, автор ғана қателессе, оның қателігін бірнеше сатыдан тұратын сараптамалар қалт жібермей қағып түсіруі тиіс қой. Сонда сарапшылардан сытылып шығатын қателікті кім жібереді?
"Біз бәріміз кінәліміз. Өзімізден шыққан оқулықтар төрт-бес деңгейлі сараптамадан өтті. Қатені сарапшылар көрмеді, біз де көрмедік. Біз өз тарапымыздан баспагер ретінде кінәліміз, сарапшыларды министрлік жолақысын, қаламақысын төлетіп алдырып қаратады, кеткен қатеге олар да кінәлі. Сонша көзден өткен оқулықтан басылып шыққанда тағы да қате кететініне өзіміз де таңғаламыз. Оқулықтағы қатенің кінәсін мойнымызға алмаймыз деп айтпаймыз, аламыз. Кітап, автор біздікі. Бірақ біздің үстімізден қарайтын бірнеше сатылы сараптама жасайтын сарапшылардың да қате кетуде жауапкершілігі бар. Олар асығыстық жасай ма, әлде үстірт қарай ма – сондай бір себебі бар. Біз бәріміз: авторлар да, баспалар да бағдарламаға байлаулымыз", - деді «Алматыкітап» баспасының өкілі Бүбіхан Шәкиева.
Сайып келгенде, оқулықтағы қателіктерге нақты жауапкер жоқ. Қате көрсеңіз, оған автор да, баспа да, «Оқулық» орталығының сарапшылары да, республикалық комиссия да – бәрі кінәлі дей берсеңіз болады. Яғни ұжымдық жауапкершілік қана бар. Ұжымдық жауапкершілік дегеніңіз – ешкім ештеңеге жауап бермейді деген сөз. Соған қарамастан, оқулықтағы қателіктермен күресті автор да, баспа да, «Оқулық» орталығы да, әркім өзінше жүргізіп келеді. Қатемен жан-жақтан толассыз күрес жүргенімен, қателерді түбірімен құрту, көңіліңізге келсе де айтайық, мүмкін емес. Неге десеңіз, қатенің түбі үкіметтің – министрліктің қолданысқа енгізген бағдарламасында жатыр.
Білім саласы, соның ішінде орта білім саласы мемлекеттің стратегиялық өте маңызды саласы бола тұра, бағдарлама жалпыхалықтық деңгейде талқыға ұсынылмай, үкімет деңгейінде қабылданып, қолданысқа енген. Іс жүзінде бағдарламаның шикі тұстары көріне бастайды. Міне, сол шикілікті пісіру, оңдау үшін бағдарламаға үнемі өзгерістер мен толықтырулар енеді. Ал бағдарламаға енген әрбір өзгеріс оқулықтың қайта қаралуына, түзетілуіне, қайтара басуына алып келеді. Өйткені бағдарламаға сәйкес келмейтін оқулықты білім және ғылым министрлігі қабылдамайды. Әр үкімет, әр министр әр жерінен жамау салып, қырық жамау, шұрық-тесік қылған бағдарламаға оқулықты сәйкестендіру қажеттігі туады да, сөйтіп, өзгерістен көз ашпай келе жатқан оқулық қатенің қоймасына айналып шыға келеді. Шиырып айтқанда, бағдарлама жақсы болса, оқулық та жақсы болады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын бағдарлама өзгерген кезде бірнеше контейнер оқулық жаңа бағдарламаға сәйкессіз болып шығып, макулатураға кеткен. Бұл бір мысал. Ал оқулықтағы әрбір қателік бағдарламаның әлі шикі екенінің дәлелі болса керек.
Он алты жыл ұстаздық еткен, «Өлкетану» оқулығы авторларының бірі Өмір Шыныбекұлы бізбен әңгімесінде «жүйе өзгермей, оқулық өзгермейді» деді. Асхат Аймағамбетовтің қолынан жүйені өзгерту келмес, бірақ кемі он жыл өзгеріссіз жұмыс істейтін бағдарлама жасақтап, оны халық талқысынан өткізіп қабылдауға қауқары жете ме? Мәселе сонда. Ал министрдің авторлар мен сарапшылар дайындау бастамасына баспалар мен авторлар не дейді? Қазақстан оқулықтары қайда басылады? Оқулық дайындауды бір орталыққа беру керек пе дейтін сауалдарға жауап іздейтін алдағы мақалалар да ешкімді бейжай қалдырмас. Ал әзірше оқулықтағы қателік туралы сөз осымен тәмам.
Дереккөз: Жас Алаш