Алматы құрамындағы 25 мың адам тұратын Рахат ықшамауданында жалғыз тоғыз жылдық мектеп бар. Директордың сөзінше, 90 орындық №196 мектепте бес жүзден астам шәкірт үш ауысыммен оқып жүр. Жергілікті тұрғындар "биліктің мектеп салып береміз деп уәде еткендеріне" он жыл болғанын айтады, деп хабарлады Азаттық радиосы.
"БАЛАЛАРҒА ОБАЛ"
Алматының іргесінде орналасқан Рахат ықшамауданы Алатау ауданына қарайды. 2014 жылға дейін Алматы облысы Қарасай ауданының құрамында болған бұл елдімекен қала аумағының өзгеруіне байланысты осыдан бес жыл бұрын Алматыға қосылған. Қала құрамына енген соң аумағы да кеңейіп, тұрғындар саны көбейе түскен. Рахатта қазір 25 мың адам ресми тіркелген.
Рахат ықшамауданында оқушы саны да көп. Бес жүзден астам бала Совет одағы кезінде салынған, бір-біріне жақын орналасқан үш шағын ғимаратта оқиды. Оның екеуінде сынып кабинеттері бар. Тек бір сынып бөлмесіне ғана отыз оқушы сияды. Қалған кабинеттердің барлығы тоғыз-он оқушыға шақталған. Ал жолдың келесі бетіндегі ескі ғимаратта мектептің асханасы мен кітапханасы орналасқан. Кітапхананың кіреберісіне парта қойып, оны да сынып кабинетіне айналдырған. Сыныптың бір бұрышында кірпіштен қаланған пеш тұр.
Рахаттағы №196 мектептің директоры Гүлнәр Ғабдуллина он жыл басқарып отырған білім мекемесінде дұрыс жағдай жоғын айтты.
"Ауылымыз [Алматы облысы] Қарасай ауданына қарап тұрған кезде "мектеп саламыз" деген еді. Бірақ кейін [Алматы] қаласына қосылды да, мектеп салу жұмысы тоқтап қалды. Өте тар. 90 орындық мектепте 540 бала оқып жатыр. Бір партада үш баладан отыр. Мектеп ғимараты 1953 жылы салынған. Типтік емес, яғни бұрын балабақша болған. Оқушылар көп келіп жатыр. Кейбірі сыймай, басқа мектепке де кетіп жатыр", - дейді мектеп басшысы.
Мектеп ауласында сырты қоршалған спорт алаңы бар. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Мұхамедсадықова алаңды нұсқап: "Мұны да айтып жүріп жасатқан едік. Бірақ астына төсеген жасыл төсеніші сапасыз болып, екі жылға ғана шыдады" деді.
Мектептің айналасын шөптен тазартып жүрген жұмысшы Абатбай Табынбаев та мектептің қатты ескіріп кеткенін айтты.
"Ішіне балалар сыймай жатыр. Байғұс балаларға обал. Бір жаңа мектеп салып берсе", - деген тілегін жеткізді мектеп жұмысшысы.
"УӘДЕЛЕРГЕ СЕНБЕЙМІН"
Рахат ықшамауданы тұрғындарының билік уәде еткен жаңа мектеп салынады деп күткеніне де біраз жыл болған. Алмас есімді жергілікті тұрғын мектеп мәселесін әкімдер шеше алмай отырғанын айтады.
Бағдат Мәнізоровтың (2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі болған – ред.) тұсында үлкен жиналыс болып, ол жаңадан мектеп салуға уәде берген болатын. Одан кейін келген, қазіргі аудан әкімі (Шахмерден Рыспаев – ред.) де қыстағы есеп беру жиналысында уәде берген. Әлі орындалған жоқ. Осы жолы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та келіп, уәдені үйіп-төгіп кетті. Бірақ мұндай уәделердің талайы болған, сондықтан сенбеймін, - дейді ол.
Алмастың айтуынша, "қолында мүмкіндігі барлар балаларын қаладағы басқа мектепте оқытуға тырысады. Ал ешқайда апара алмайтын ата-аналар балаларын еріксіз осы мектепке береді". Оның сөзін қостаған тағы бір тұрғын "ауыл үлкейіп жатыр, балалар мен немерелер өсіп келеді. Бір мектеп керек-ақ", - деді.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Мұхамедсадықова да "мектепте орын болмаса да, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан, басқа мектептерге барып-келіп оқуға жағдайы келмейтін оқушыларды қабылдаймыз" дейді.
ЖАҢА ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ
Екі баласын бірінші сыныпқа берген Айнаш Түгелбаева жақында Рахат ықшамауданына Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың келіп-кеткенін айтып, "келесі жылы мектеп салып беретін шығар" деген үмітін жасырмады.
Мектеп директоры Гүлнәр Ғабдуллина да Алматы қаласының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаевтан (маусымның 28-і күні Алматы әкімі болып тағайындалған) үміт күтеді. Сағынтаевтың мектепті көріп кеткенін бірнеше рет қайталап айтқан мектеп директоры "ғимарат салатын орын бар. Бұйырса, келесі жылы үлкен мектеп болады" деді.
Алатау ауданы әкімдігі Алматы қалалық білім басқармасына сілтеп, жауап беруден бас тартты. Ал қалалық білім басқармасы "ресми түрде жазбаша сауал жолдаңыздар. Заң бойынша жеті күннің ішінде жауап береміз" деді.
Қазақстанда халық көп шоғырланған аймақтардағы мектептерде орын тапшы. Бұл мәселе елде жиі көтеріледі.
Биылғы педагогтардың дәстүрлі Тамыз мәслихатында Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынатынын, бірақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы әлі барын" айтқан.