Алматыда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Алматы қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференцияда қазақ әдебиетін оқыту мәселелері талқыланды. Бұл талқы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы білім беру сапасын жақсартуға байланысты тапсырмалары аясында өтті.
Мұғалімдердің айтуынша, жаңартылған жүйе қазақ тілі мен әдебиетінің сапасын төмендетуге алып келеді екен. Себебі, жинақылық жоқ, оқушылар деңгейі ескерілмеген. Оқулықтардың сапасы да сын көтермейді. Қалтаның қамын ойлаған кәсіпкерлер дизайн, сапа мәселесіне мән бермейді дейді олар.
Мәселен, «5 сыныптың деңгейіне қарай ертегілер, аңыздар және 6 сыныпта аңыздарды оқытып келіп, 7-8 сыныпта жыраулар поэзиясы мен тарихи жырларды оқыса, сосын 9,10,11 сыныпта классиктерге өтсе, балаға түсіну де, оқу да жеңіл болады. Осы жағы біздің қоғамда ескерілмей жатыр. Содан балалардың сөздік қоры аз, ойын жүйелі жеткізе алмайды», - дейді Алматы қаласы Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі Мейрамгүл Нүсіпбекова.
Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов мәселені талқылаудан гөрі, ары қарай жетілдіруді ұсынды.
«Ол орындалу бірден жүзеге аспайды, әрине. Бірақ, ұсыныстарды нақты жеткізу керек. Мәселен, қайта қарайтын дүниелер бар. Бәрін жоққа шығару мүмкін емес. Ары қарай жетілдіріп отыруымыз керек. Жалпы, оқулық деген, оқу үдерісі деген – жанды құбылыс. Ол үнемі жетілдіруді қажет етеді. Бір күннің, бір жылдың ішінде оны жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес», - деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Осылайша, конференцияда жалпы білім беретін мектептерде оқылатын қазақ әдебиеті пәні бойынша жаңартылған жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламаларын жасақтаудың негізгі ұстанымдары, оқулықтардың сапасын талдау, жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің барысы, пәнаралық байланысын зерделеу және т.б. мәселелер қаралды.