ҚР Президентінің "Болашақ" стипендиясы биыл 375 үміткерге тағайындалды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Бұл жайында бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Комиссия отырысын аша отырып, Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жаңа әлеуметтік саясат ұсынғанын айтты. Елбасы атап өткендей, «әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс». Бұл орайда әлемнің үздік университеттерінде жоғары білікті кадрларды даярлау маңызды мәнге ие болуда.
Мемлекеттік хатшы стипендияның ұлттық экономиканың жетекші салаларын екпінді дамыту үшін озық білім мен тәжірибені белсенді түрде трансферттеу процесіндегі ерекше рөлін атап өтті.
Комиссияның шешімімен магистратурада және докторантурада оқуға, әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамаға жіберілетін 375 үміткерге стипендия тағайындалды.
Сондай-ақ Комиссияның жұмысы шеңберінде 2016 жылға Басым мамандықтар тізбесі бекітілді. Мамандықтардың жаңа тізімі мемлекеттік органдардың тапсырыстары бойынша ғана жасақталды және екі есеге дейін қысқартылды. Тізбеде барлығы 161 мамандық ұсынылған, оның 45-і медицина, 67-і техникалық, 49-ы гуманитарлық мамандықтан тұрады.
Отырысты қорытындылай отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова жаңа 2016 жылы стипендияны дамытудың жаңа бағыттарын іске асыруға және үміткерлерді іріктеудің сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.