Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова өңірлерде әлсіз интернет Kundelik.kz-пен жұмыс істейтін мұғалімдердің қолын байлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Хаменованың айтуынша, қазір 697 жалпы білім беретін мектепте кең жолақты интернетке қосылу проблемасы бар, ал 93 мектеп интернетке мүлде қосылмаған. Олардың арасында 30 мектеппен Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр, ал екінші орында – Түркістан (15 мектеп), үштікті Ақмола облысы (8 мектеп) тұйықтайды.
"Әңгіме барысын облыс өңірлеріндегі оқытушылардың аузымен айтсақ: "Kundelik.kz-ке кіре алмағаныма бір апта болды. Мектептің интернеті айналып тұрып алады. Логин мен құпия сөзімді айтайын, ең болмаса, оқушыларымның қорытындысы қалай болғанын айтып берші" деп әркімге жалынып жүреміз" дейді. Ұстаздарды қағазбастылықтан арылту мақсатында қолға алынған дүние сол мұғалімдердің қолын байлап отыр", - деді Хаменова мәжілісте өткен ауылдарды интернетпен қамту мәселесіне арналған үкімет сағатында. Оның айтуынша, "Қазақтелеком" компаниясы келісімшарт бекіткен кезде, интернеттің жылдамдығы секундына 10 мегабит болады деп көрсеткен. Алайда, қазір мектептерде интернеттің жылдамдығы 4 мегабиттен әрі аспай тұр. Соның кесірінен сайт ұзақ айналып тұрып алады екен. Мұғалімдер компанияға мұңын шағып, арызданса да, еш нәтиже жоқ.
"Осыдан кейін шалғайды айтпағанда, облыс орталықтарындағы педагогтер амалсыздан өз қалтасынан ақша шығарып, Wi-Fi орнатып, сайтқа кіріп жүр. Алайда Wi-Fi орнатқанда, алғашында жылдамдық секундына 19 мегабит болады, кейін келе ол 8, қала берді 6-ға түседі. Себебін сұраса, "ауа райы кінәлі" деген жалтартпа әңгімені естіп келе жатыр. Сауатсыз және өте қызық жауап екенін көріп отырсыздар", - дейді төменгі палата депутаты.
Осы орайда Хаменова цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінді.
"Қазақтелеком" АҚ жалғыз монополист болып отырғаны анық. Көп өңірлерде интернеттің жылдамдығын қолдан төмендету фактілері кездеседі. Министрлік мекеме басшылығымен кездесіп, мәселені талқыласа. Ең бастысы, мектеп бюджетін ескеру керек. Ай сайын аты бар да заты жоқ интернетке миллиондаған қаражат төленеді. Сондықтан, осы тарифті де ескеру керек", - деді мәжілісмен.
Айтуынша, көршілес Ресей 2021 жылға дейін орта мектептерде интернеттің жылдамдығын секундына 50-100 мегабитке жеткізуді жоспарлап отыр.
"Біз де көштен қалмайық, ең болмаса, жартысына жетейікші", - деді Хаменова.