17.11.2019, 09:30

«Аймағамбетовтің арифметикасы»: қазақстандықтар 17 мен 18 жасты әлі есептей алмай отыр

Адамның екі жылда бір жасамайтыны белгілі. Оны 6 жасында оқып, 6 жасында тәмамдайды, 17 жасында оқып, 17 жасында тәмамдайды деп «арифметика» жасаудың қажеті жоқ.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының inbusiness.kz сайты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «мектепке 6 жасынан барған бала 12 жылдық білімді 17 жасында тәмамдайды» деген уәжін қолдап, өздерінше арифметика түзіп көріпті. Алайда, онда да мектепті бітіретін түлектің жасы ескерілмеген.

«Асхат Аймағамбетовтің жеке басына қатысты сын таяуда Мәжілісте өткен үкімет сағатынан кейін айтылды. БАҚ өкілдері мен қарапайым халық әлеуметтік желіде министрді мұқатып, мысқылдап жатты. Бұған Асхат Аймағамбетовтың мектепке 6 жастан барған оқушы 12 жыл білім алса, 17 жасында мектепті аяқтап, түлек атанады деген мәлімдемесі түрткі болды. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның өзі: «Егер, 6 жасында мектепке барса, 12 жыл оқыса, меніңше, бұл жерде қарапайым арифметика. 12+6 =18», – дегенді айтты. Бұған министр: «Бүгінгі таңда мектепке 7 жасында барған балалар мектепті 18 жаста емес, 17 жаста аяқтайды. Сол секілді мектепке 6 жасында барған оқушы 12 жылдық оқуды 17 жасында тәмамдайды», – деп жауап берді. Асхат Аймағамбетовтің арифметикасын түсіну үшін төмендегі кестені шолып шығу керек» деп жазады «Атамекен» сайты.

Енді осы кестеге дұрыстап үңіліп көрейік. Бұл ретте, оқушының мектепке баратын уақыттары ғана көрсетілген. Аяқтайтын кезі емес. Қарапайым ғана мысал, егер бала 1 сыныпқа 6 жасында күзде қабылданса, келесі жылдың жазында, яғни 7 жасында тәмамдайды ғой. Сосын 7 жасында 2 сыныпқа барып, оны келесі жылы 8 жасында аяқтайды. Осылай сатылай берсек, кестеде көрсетілген 17 жасында 12 сыныпқа көшсе, оны келесі жылға, яғни 18 жасына дейін оқиды. Адамның екі жылда бір жасамайтыны белгілі. Оны 6 жасында оқып, 6 жасында тәмамдайды, 17 жасында оқып, 17 жасында тәмамдайды деп «арифметика» жасаудың қажеті жоқ.

Біз де 11 жылдық орта мектепті 6 жасымызда оқып, 17 жасымызда, 7 жасымызда оқып, 18 жасымызда аяқтаған осы елдің азаматымыз. Мың жерден «бүйректен сирақ шығарған» министрді жақтауға тырысып, алашапқын болсақ та, адамның жасы кері шегініп отырмайды.

Ерік ЕЛЕУСІЗ