Алматыда Ақай Нүсіпбековтің мерейтойына орай конференция өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Аталмыш іс-шара жергілікті әкімтіктің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Қазақ тарихшысы, көрнекті қоғам қайраткер, ғалым, тарих ғылымының докторы Ақай Нүсіпбековтің туғанына биыл 110 жыл. Осыған орай Алматыда IV Нүсіпбеков оқулары аясында «Ақай Нүсіпбеков және ұлы дала тарихының зерттелуі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Онда ғалымның отандық тарих ғылымының дамуы жолында қарымталы еткен еңбектері, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы турасында, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне арналған зерттеулерінің маңыздылығы сөз болды.
«Ақай Нүсіпбековтің тарихшы ғалым, мемлекет қайраткері, ғылыми ұйымдастырушы ретінде еңбегін насихаттауымыз керек. Жас ұрпаққа айтуымыз керек. Бұл тарих сабақтастығы.
Еліміз осындай ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы өткенін білу керек. Өткенін білу арқылы болашағын айқын түсінуі керек», - деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі Сәбит Шілдебай.
Нүсіпбеков Ақай Нүсіпбекұлы (1909-1983) - қазақ тарихшысы, республиканың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Панфилов дивизиясында батарея комиссары болды, дивизияның саяси бөлімінде қызмет атқарды. Соғыстан кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, 1948 жылы тарих ғылымынан кандидаттық диссертация қорғаған. 1946-1956 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің меңгерушісі. 1956-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры қызметтерін атқарған. 1968-1976 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті болды.
Оның ғылыми жетекшілігімен ондаған ғалым кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. А.Нүсіпбеков төңкеріске дейін және кеңестік Қазақстан тарихына байланысты 100-ден аса ғылыми еңбек, бірнеше көлемді монография жазған.
Негізгі ғылыми қызметі Қазақ Кеңес мемлекетінің құрылуы және нығаюы, қазақ жерлерінің біртұтас мемлекет шеңберінде топтастырылуы, Қазақстан жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуы, Қазақстан еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы ерліктері мен тылдағы қажырлы еңбегі, тарихты бұрмалаушы буржуазияшыларды әшекерлеу сияқты күрделі де маңызды тақырыптарға арналған.