Білім және ғылым министрлігі қазақстандық 10 ЖОО-ның лицензиясын тоқтатты, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Мұның алдында біз бес ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз. Қазір біз ЖОО-ларда қосымша тексеріс жүргізіп жатыр. Сол тексерістің нәтижесі бойынша біз шешім қабылдадық, тағы бес ЖОО-ның лицензиясын тоқтатамыз. Заң бойынша ол ЖОО-дар бұл шешімге он күн ішінде шағым түсіре алады. Сондықтан да бізге қазір уақыт керек, шамамен 10 күндей. Сол уақытты күтеміз. Шағым түспесе, нақты қай ЖОО-дардың лицензиясы тоқтатылғанын айта аламыз", - деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр оқу орындарында қандай олқылықтар болатынын да тілге тиек етті. "Біз ЖОО-лардың ҰБТ сертификатынсыз оқуға қабылдап жатқанын көрдік. Бұл білім сапасының қандай екенін білдіреді. Бұдан бөлек, студенттердің сабақ бармайтынын, бірақ емтихандардан өтіп, дипломдарын алып жатқанын білеміз. Әрине, біз, мемлекеттік орган ретінде мұндайға жол бере алмаймыз. Сондықтан қатаң шаралар қабылдап жатырмыз. Бірнеше күннен кейін лицензиясы тоқтатылған 10 ЖОО-ны атап береміз", - деді ведомство басшысы.