Талай ата-ананың ашуына тиіп, баланың басын онсыз да қатырып жүрген отандық оқулықтардың бірінен тағы да өрескел кемшілік табылған. Бұл жолы кітап бетінде ақын-ойшылдардың емес, блогердің жазбасы тапсырма етіп берілген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әжептәуір танымал блогер, журналист Өркен Кенжебек instagram парақшасына өзінің осыдан 6 жыл бұрын әлеуметтік желіде жарияланған жазбасын студенттерге «ойланарға азық еткен» оқулық жазғыштарды сынап пост жазды.
«Сол жағынан қарасаң, бұл – білім саласындағы солақай талаптың салдары, талаптың түсуі, бірдеңенің өсуі деп пе былдырауға болар еді. Оң жағынан қарасаң, қандай блогердің алты жыл бұрын жазған шимайы қай оқулықтың бетіне шығып жатыр?) Өткенде әріптесім жіберген осы фотоны. Оның құрбысы Астанадағы университеттердің бірінде қазақ тілінің B2 деңгейін оқытуға арналған кітаппен сабақ береді екен. Осыдан кейін пост жазып, стори түсіруімді қоя салсам да болатын шығар, ә? Бірақ, келер жылы шығатын оқулықтарға да контент даярлауым керек қой», - деп мысқылдаған әріптесіміз.