19.01.2020, 23:10

Ресейдің бір облысында үшінші қазақ сыныбы ашылды

«Сыныпқа оқушы қабылдау жалғасып жатыр. Өзге ауылдарда да қазақ тілін меңгергісі келетіндер бар».

Ресейдің Түмен облысында үшінші қазақ сыныбы ашылды. Голышманов ауданындағы №4 мектепте өткен алғашқы ашық сабаққа 40 оқушы мен олардың әке-шешелері және ата-әжелері келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Сыныпқа оқушы қабылдау жалғасып жатыр. Өзге ауылдарда да қазақ тілін меңгергісі келетіндер бар», - деді Түмен облысындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ыбыраев.

Ол ауылдағы қазақтардың ұлттық салт-дәстүрлерін жақсы сақтап қалғанын да айтты.

«Дәл осы жерде бірнеше жыл бұрын Түмен облысы қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Бүгінде Дүйсенбай аға Беқұжынов жетекшілік ететін біздің автономияның жергілікті бөлімшесі ұлттық-мәдени жобаларды белсенді жүзеге асырады», - деді Есенғали Ыбыраев.

Ресейдегі Қазақстан елшілігінің мәліметіне сәйкес, Голышманов ауданында 2 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Ал өткен жылдың қазан айында Түмен облысындағы Упорово ауылында жаңа қазақ сыныптары үшін алғашқы қоңырау соғылды.