$ 514.65  544.6  5.17

ҚазҰУ-дегі шатақ: грантта оқитын 10 студент оқудан шығып қалғандарына наразы (ФОТО)

Ата-аналардың болжамы бойынша, грант орындары біреуге керек болған сыңайлы.
фото: Сәрсенбек Қызайбек
фото: Сәрсенбек Қызайбек

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде дау шықты. Факультеттің 10 студентін «әлімжеттік жасады» деген айыппен оқудан шығарып жіберген.

Әділетсіздікке күйінген студенттер мен ата-аналары кеше ҚазҰУ алдында жазықсыз жазаланғандарын айтып жиналды. Наразылық білдіруге 200-ге тарта студент келген. Студенттердің айтуынша, оқу орнының басшылары «барлығыңды суретке түсіріп алып, оқудан шығарамыз» деп таратып жіберген.

Дау осыдан 13 күн бұрын басталған. Студенттердің айтуы бойынша, 30-31 қаңтар күні түнгі сағат 1:00 шамасында 1-2 курс студенттері жатақхананың бір бөлмесіне кіріп, шай ішеді. Студенттердің бөлмеге кіргені және шыққаны сол жердегі бейнебақылауға түскен. Содан таңғы сағат 6-да жатақханаға тексеріс келеді. Оқудан шығарылған 2-курстың 10 баласына «1-курстың балаларын оқтаумен ұрдыңдар, қабырғаларын сындырдыңдар, денелерін көгерттіңдер, денсаулықтарына зақым келтіріп, осы жағдайға жеткіздіңдер» деген айып тағады.

Алайда, студенттер бұл айыптауларды теріске шығарып отыр. Айтуларынша, араларында мұндай жағдай болмаған. Тіпті, ешбір дәлел де келтірілмеген. Зақым келтірілгені туралы медициналық тексеріс анықтамаларын да көрсетпеген. Оқиға шиеленісе келіп, осы жағдайға жеткен. Оқудан шығарылған 10 студентті «топтық қылмыскерлер» деп айыптап отыр.

«1-курстарды ГБР-дің адамдары туалетке кіргізіп, шешіндірген. Денесіндегі қалды көріп, мына жерін көгертті деген. Ол бұл көгерген емес, анама хабарлассаңыз болады, кішкентайымнан бар деген. Жәбір көрді деген балалардың барлығын ұстап, қорқытып отыр. Әділетсіздікпен жала жауып отыр», - дейді оқудан шығарылған студенттің бірі Ертай Білалов.

Әлімжеттік жасады деген айыппен оқудан шығарылған балалардың барлығы университеттің қоғамдық өміріне белсене араласатындар екен. Барлығы да грантта оқиды, стипендия алады.

«Деканат бізге осы істі бір бала мойнына алса, қалғандары оқуда қалады деп айтты. Содан арамыздағы бір жігітті қыспаққа алғандықтан, ол барлығын өз мойнына алды. Енді тағы 2-3 бала мойындаңдар деп жатыр», - дейді Талғат Тұрдәлі және Нұрмұхан Жұмабай. Айтуларынша, жатақханадан шығарған күннің ертесіне орындарына адам алып қойған.

«Осыған дейін қаншама түсініктеме жаздық. Жәбірленуші тараптан түсініктеме бар ма десек, ол жағы құпия дейді. Бізге ештеңені түсіндіріп айтпайды. Барлық дәлелдер бар, тек анонимно дейді. Осыдан бір ай бұрын басқа факультетте де осындай оқиға болған. Жатақханада 23 бала төбелескен. Олардың төбелес кезіндегі видеолары да, жазған хабарламалары да бар. Бірақ, оларды оқудан шығармаған. Тек жатақханадан шығарып, тиісті жаза қолданған.

Заң неге бәріне бірдей емес? Өзім грантта оқимын, стипендия аламын. Сессиялардың бірінен де құлаған емеспін. Осы жерге әдебиеттің ортасына келдік. Студенттік театрда да ойнаймын. Жарайды, жатақханадан шығарсын. Оған толығымен келісемін. Ішкі тәртіп бойынша жатақхана ішінде жүрмеуіміз керек. Ережені бұздық. Бірақ, оқудан шығару дегенін түсінбеймін», - дейді Ертай Білалов.

«Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандарға бардым. Оларға жәбірленуші балалардың жазған арызын көрсетіңіз дедім. Көрсетті. Бізді 10 бала ұрды, соларға шара қолдансаңыздар деп жазып қойған. Бірақ, ешбір адамның аты-жөні көрсетілмеген. Ондай қағазды кез келген адам жазады. Неге нақты адам көрсетілмейді? Неге барлығын осы жерге шақырып, беттестірмейді? Біз соның шындығына жете алмай жатырмыз. Накты фактіні көргіміз келеді», - дейді оқудан шығарылған студенттердің бірінің әкесі Ақберен Әбибулла.

«Біз барлығымыз бірге жүреміз. 1-курстармен туған күндерімізді бірге атап өтеміз, сабақтарымызға көмектесеміз», - дейді студенттер. Ата-аналар декан Өмірхан Әбдиманұлының өзіне де кірген. Алайда, студенттерді оқудан шығарамыз, барлық дәлелдер бар деп шығарып салған.

Факультеттің өзге де курс студенттері «10 баланы оқуда қалдыруыңызды сұраймыз» деп өтініш те жазып қалдырған. Тіпті, жәбірленушілердің өздері деканға балаларды оқудан шығармаңыз деп өтініш жазған. Ата-аналардың айтуынша, оқытушылардың өзі де балаларға араша түсе алмаған. Ашынған ата-аналар ректораттың да есігін қағыпты, бірақ, оларды ішке кіргізбеген.

Осы жағдайға қатысты филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлына қоңырау шалдық.

«Қазір ол туралы әңгімелесіп отыратын уақытым жоқ. Келіп сұрасаңыздар, барлығын айтып бере аламын. Осыған дейін журналистердің барлығына айттым. Себеп-салдарының барлығын түсіндірдім. Қабырғасы сынды, зақым алды деп айтып жүрген ата-аналардың өздері. Оның барлығын жан-жақты тексеріп жатырмыз», - деп жауап берді.

Қазіргі таңда оқиғаға қатысты нақты бір дәлелдер келтірілмеген. Түсініксіз тұстары да баршылық. Ата-аналардың болжамы бойынша, грант орындары біреуге керек болған сыңайлы. Өйткені, жатақханаға оқудан шығарылған он баланың орнынан басқа студенттерді бірден қоныстандырған. Бірақ, бұл – әзірге ата-аналардың жеке пікірі.

Маржан СӘБЕТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары