ҚазАТУ иелігіндегі №7 жатақхананың 1-қабатындағы бөлмелердің жартысын Сарыарқа ауданының Полиция басқармасы (№26 учаскелік полиция пункті) иеленіп отыр. Университет 2011 жылдан бері бұл мәселені шеше алмай келеді. Осыған орай, оқу орнының басшылығы «Жас Отан» жастар ұйымының ұсыныс жасауымен «Нұр Отан» партиясынан осы мәселені шешуге көмектесуді сұрайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚазАТУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар ұйымының бастамасымен республика бойынша студенттік жатақханаларға жүргізіліп жатқан рейдті, әрине, құптаймыз, әрі қолдаймыз. Дегенмен, бұл бастама тек кемшілікті айтып, «ұрандау» сипатындағы жұмыс болмаса екен. «Жас Отан» белсенділері әлеуметтік мәселелердің орын алу себебіне талдау жасап, «Нұр Отан» партиясы деңгейінде оны шешудің жолдарын қарастырып, көмек берсе, шынайы да игі жұмыс болар еді.
Бүгінде барлық жоғары оқу орындарының студенттік жатақханаларында әлеуметтік мәселелер бар (әрине, тарақан, интернет сияқты мәселелер емес). Бірақ, құзыретті мекемелер тарапынан оған уақытында назар аударылмайды. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік білім беру гранттарына бөлінген қаржы студенттің білім алуына оңтайлы жағдай жасау үшін, ғылыммен айналысуына қажетті зертханаларды жабдықтауға, шетелдік оқу орындарына барып, тәжірибе алмасуына және қажетті әлеуметтік жағдайын жасауға мақсатты түрде жұмсалу керек.
Бірақ бізде білім беруге қойылатын талаптар бірдей де, гранттардың құны әртүрлі. Мәселен, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2018 жылға дейін барлық мамандықтар бойынша бір студенттің білім алуына бөлінетін грант қаржысының құны 349 мың теңге көлемінде болды. 2019 жылдан бастап тек кейбір мамандықтарымыз бойынша гранттар құны 635 мыңға көтерілді. Ал ұлттық университеттерде бір студентті оқытуға бөлінетін грант құны 1 миллионнан басталады», - дейді университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жайнагүл Құсайынова.
Оның айтуынша, бұған дейін кейбір жоғары оқу орындарында қаржылық дағдарыс, оған ілесе әлеуметтік мәселелер көптеп орын алуда. Нақтырақ айтқанда, гранттардың қаржысы студенттің білім алуына қажетті жағдайды жасап беруге жетпейді екен.
«Университетімізде білім алып жатқан студенттердің дені (60%-ы) ауылдық жерден келетіндіктен, жатақханада тұру ақысын да ең төменгі бағада ұстауға мәжбүрміз (бір оқу – жылына 70-80 мың теңге). Өйткені, ауыл жастарының әлеуметтік жағдайы қымбатшылықты көтере алмайды. Сондықтан «Жас Отан» ұйымы студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алса, әріден талдап, осындай мәселені шешуге үлес қосса деген өтінішіміз бар», - дейді оқу орнының өкілі.
Ал университет баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының №26 учаскелік полиция пункті әлгі №7 жатақхананың 1-қабатындағы бөлмелердің жартысын 90-жылдардан бері тегін иеленіп отырған көрінеді.