«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігі тобының жетекшісі Мейіржан Темірбек facebook желісі арқылы Ақпарат және қағамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ел мұғалімдері атынан үндеу жариялады. Айтуынша, оқушыларды қазіргі мемлекеттік талап бойынша қашықтан оқыту өте тиімсіз. Оның басқаша әдісіне көшпесе болмайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты, қашықтан оқыту туралы ұсыныс көтеріліп жатыр. Қазіргі мектеп, мұғалім оған дайын ба? Ерте ме, кеш пе, бұл әңгіме әлі де қозғалады. «Мектеп оқушылары мен мұғалімдердің үйінде компьютер бар ма? Смартфон бар ма? Интернет бар ма?» деген тақырыптарда есеп жиналып жатыр.
Министрліктің жариялап жатқан сайттарына, онлайн оқыту платформаларына кіруге оқушы да, мұғалім де дайын емес! Сайттардың өз сұраныстары (требования) бар. Мысалы, білім ландты алайық. Сағадиевтің кезінде ол қатқыл дискке салынып таратылды. Кейіннен дисктер қайтарылып алынды. Онлайнға көшті. Оны пайдаланатындардың аудиториясы аз. Ол ресурстармен үйде отырып жұмыс істеуге мұғалім де, оқушы да дайын емес. Өйткені, елдің барлығында интернет, компьютер, смартфон қолжетімсіз.
Бәлкім, сылтау деп айтар. Жақсы, айтсын. Бірақ, шындығы осы. Интернетсіз отырған жерлер бар. Ертең онлайн кіргізе қоймадың, өтпедің деп қудалау, ақша қию басталады. Сондықтан осы бастан бұл мәселені шешіп алғанымыз абзал. Менде мектепте тікелей эфирде қай программа болсын, сабақ өткізуге мүмкіндік бар, ал оқушыларда оны қабылдайтын мүмкіндік жоқ!
Қазақтелекоммен де, билайн операторларымен де алысып жүргенімізге бірнеше жыл болса да мәселе шешімін тапқан жоқ. «Бәлкім, мұғалім жалқау шығар» деп ойлайтындар да бар. Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Осы орайда, оқушыларға ақпарат таратуға бірден-бір тиімдісі ВАЦАП желісі. Сурет түрінде, болмаса жеке хабарлама етіп жазып жіберуге болады.
Электронды почта арқылы, онлайн сабақтарды дайын платформада өткізу мүмкін деген әзірге УТОПИЯ. Күнделік kz-тің платформасы интернет нашар болса ашылмайды. Ішінде жүрген практик ретінде оны анық айта аламын, керек десеңіздер, дәлелдей аламын.
Астана мен Алматының іргесіндегі ауылдарда интернет жоқ болған соң алыстағы мектептердің жағдайын сұраудың қажеті жоқ. Мұғалімдердің, оқушылардың көбінде жеке компьютерлер жоқ. Сондықтан алдымен техникалық жағын сынақтан өткізіп көруіміз қажет. Интернет жылдам жасайтын жерлер өздері шешсін», - дейді жазба авторы.
Осы орайда, ол елімізде интернет жылдамдығы өте баяу (0,35 кб/с-0,50 кб/с) екендігін ескеріп, өз ұсынысын ортаға салды.
«1. Вацап желісінде оқушыларды топтарға бөліп оқыту жеңіл, тапсырма бергенге ыңғайлы. Сондықтан оқушымен жұмысқа әзірге ең қолайлысы – ВАЦАП. Кері байланысқа да, барлығына да жылдам. Оқушының ата-анасының смартфонынан (интернет нашар болған жағдайда да) кіруге мүмкіндігі бар.
2. Республикалық телеарналардағы қажетсіз концерттік, «Қалаулым» деген сияқты бағдарламалардың орнына оқушыларға қосымша телесабақтар жүргізілсе дұрыс. Кері байланысты мұғалімдер қадағалап, өздері түзетеді.
3. Тіпті ештеңе болмаған жағдайда, интернет ұстамаса да жай телефон, мобилді желі ұстайтын жерлерде группалық сөйлесу мүмкіндігі жасалса.
4. Бүкіл Қазақстанның ауыл, қалаларына интернетке мониторинг жасаңыздар.
5. Барлық мүмкін жағдайларды қарастыруларыңыз қажет», - дейді Мейіржан Темірбек.