19.03.2020, 04:30

Көктемгі демалыс аяқталған соң студенттер мен оқушылар қашықтықтан оқуы тиіс

фото: tengrinews.kz
Алматы қаласының білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр.

Алматыдағы мектеп оқушылары демалыс аяқталған соң қашықтықтан оқуға көшеді. Колледж студенттері де осы жүйе бойынша білім алады. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.

«Егер карантин жалғасатын болса, 5 сәуірде демалыс аяқталған соң оқушылар қашықтықтан оқытуға ауысады. Осыған байланысты, Алматы қаласының білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр», - деді басқармасы басшысының орынбасары.

Айтқұлова онлайн сабақ беретін мұғалімдердің үйінде компьютер немесе ноутбук бар екенін де айтып өтті.

Тағы оқи отырыңыз: «Онлайн сабақтарды дайын платформада өткізу – утопия»: педагог министрлерге үндеу жолдады

«Жатақханадағы студенттерде үйіне қайтуға мүмкіндік болмаса, олар сол жерде қалып, қашықтықтан оқуды жалғастыра береді», - деп түсіндірді Айтқұлова.