$ 498.34  519.72  4.85

Карантин кезінде баланың сабаққа ынтасын қалай оятуға болады?

Математика сабағында саннан шаршаған оқушыға математиктерге қатысты тарихи оқиғаларды айтып беруге болады.

Оқушының сабаққа деген ынтасының болмауы оқу үлгерімін төмендетеді. Мұндайда оқушыға ұстаз қалай әсер ете алады? №176 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Назым Оспан тәжірибесін бөлісті.

Мектептегі әріптестерім мен университеттегі ұстаздарымның айтқанынан түйген ең басты нәрсе – баланы баға үшін оқытпау, екі алса да бір білім меңгеріп кеткені жөн. Себебі бағаға басымдық берсек, баланың психикасы бұзылуы мүмкін. Бұған ата-ана да аса мән беруі керек. Оны қандай баға алса да жақсы көретінін айтып отырғаны жөн.

Дей тұрғанмен баланы жақсы баға алуға талпындырып, баптап отыру керек. Әсіресе, каникулдардан кейін балалардың сабаққа етене араласып, оқу процесіне тез бейімделуіне ықпал ету керек. Бұл уақытта оқушылардың сабаққа ынтасы бола қоймайды. Бірі демалыс атмосферасынан шыға алмай жүреді, бірі сабақ режиміне дайын болмайды. Мұндайда көбіне ата-ананың баламен жұмыс істегені жөн. Бірақ мұғалім де оқушының талпынысын оятуға, жалықтырып алмауға жауапты. Сондықтан сабақта қосымша стимул беретін әдістерді, ойындарды қолдану керек.

• Математиктер жиі қолданатын әдіс – "Бинго". Мұнда классты екі топқа бөліп жарыстырамыз. Әр топтан бір-бір оқушы тақтаға шығады. Тақтада 50 шақты қайталанбайтын сан, шама, формула жазулы тұрады. Соған қарап мұғалім тапсырма оқиды, екі оқушы оны ойша есептеп, тақтадан дұрыс жауабын тауып белгілеуі керек. Осылайша әр топтан кезек-кезек оқушы шығып, тобына үлес қосуы керек. Бұл өте әмбебап әдіс, оны басқа пәндерде түрлендіріп істеуге болады.

• Тағы бір қызық әдіс – "Плюс таяқша". Мұнда мұғалім тақтаға екі немесе үш таңбалы сандарды қосып, бір жерін әдейі қате жазады. Минусқа немесе қандай да бір санға бір таяқша қосса, қосынды дұрыс шығады.

Оқушылар класс болып атсалысуы қажет. Бұл әдісті барлық классқа қолдануға болады.

• Радикал әдістер сыныптағы қалыпты атмосфераны өзгерте алады. Мысалы сабақ басталғанда оқушыларға партаның үстінен барлығын алып сөмкеге салуды сұрау керек. Оқушылар "мұғалім не істейін деп жатыр" деп таңданатынына, бәрінің назары тек сізде болатынына күмәніңіз болмасын. Ары қарай мұғалімнің шеберлігіне қарай сыныптағы барлық назарды іліп әкетіп, жаңа тақырыпты бастауға болады. Мен мұндай радикал әдісті оқушылар тым шулап, сабақ тұрмақ тәртіпті ұмытып кеткенде қолданамын.

Ескеретін жайт – бұл әдістер оқу бағдарламасына кедергі келтірмеуі керек және оған 40 минуттың аз бөлігін арнау керек.

Математика сабағында саннан шаршаған оқушыға математиктерге қатысты тарихи оқиғаларды айтып беруге болады. Мысалы Карл Гаусстың 10 жасында бір минутта 1-ден 100-ге дейінгі сандарды бір-біріне қосып шыққанын айту артық болмайды. Академик Асқар Жұмаділдаевтің жетістіктерінің өзі оқушылардың қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Оқушылар шабыт беретін мұндай әңгімелерді жақсы көреді.

Дереккөз: Massaget.kz

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары