ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Instagram желісіндегі тікелей эфирде видеосабақ жасап, көмек көрсеткен мұғалімдердің сыйақысыз қалмайтынын айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қашықтан оқуға көшкен кезде бәрі «Мұғалімдердің жалақысын көтерудің не қажеті бар? Балалар сабақты өз бетімен оқиды ғой. Сынып жетекшісіне үстемақы төлеудің не қажеті бар?» деген еді. Мен мұғалімдер өте үлкен жұмыс істеп жатқанын айтар едім. Қазіргі уақытта мұғалімдер жалақысын толық көлемде барлық үстемесімен қоса алып отыр», - дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар ол мұғалімдерге төтенше жағдай кезіндегі жүктемелері үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін де атап өтті.
«Төтенше жағдайға қарамастан бізге көмектесіп, видео сабақ дайындауға көмектесіп жатқан 80-90 мұғалім бар. Біз оларға сыйақы беру керек деп шештік. Кейбір аймақта да осындай шешім қабылданып жатқанын білемін. Министлік мұндай шешімді әрдайым қолдайды. Мұның бәрі мектеп бюджетіне байланысты шешіледі», - дейді ол.