Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Абайдың 175 жылдығына орай «Абай әлемі – бейнелеу өнерінде» атты онлайн олимпиада өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мектеп бітіруші түлектер арасында өткен байқауды «Дәстүрлі өнер» институтының «Сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері» кафедрасының оқытушылары ұйымдастырды. «Көркем еңбек» пәні бойынша жүргізілген шығармашылық байқауға өңірден 16 жас түлек қатысты.
«Бейнелеу өнері арқылы жас буынға хакім Абайдың рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық салт-дәстүріміз мен әдеп-ғұрыптарымызды бойларына сіңіру онлайн байқаудың негізгі мақсаты», - дейді ұйымдастырушылар.
Олимпиада талаптары бойынша, жұмыстар қағаз немесе кенепте акварель, гуашь, акрил, майлы бояу секілді түрлі-түсті бояумен, тушь, перо, сангина, уголь графикалық құралдарымен салынуы шарт. Ал аппликация, коллаждар фетр, түрлі-түсті қағаздар мен текстиль материалдары арқылы жасалуы керек. Этностильдегі жұмыстар жүн, ши, тері, ағаш сынды дәстүрлі шикізаттармен орындалуы тиіс.
Олимпиада барысында шығармашылық жұмыстарды орындауға 3 сағат берілді. Байқауға қатысушылар «Zoom» платформасы арқылы комиссия мүшелерінің тікелей бақылауымен Абай әлемімен байланысты ғажайып туындыларына жан бітірді.
Байқау қорытындысы бойынша, І-орынды Қызылорда қаласындағы №187 IT мектеп-лицейінің 11А сынып оқушысы Жақай Диас жеңіп алды. Ал ІІ-орын Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласындағы №277 мектептің 11 А сынып оқушысы Қонысбаева Маржанға берілді. ІІІ жүлделі орын Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бірлік ауылындағы №102 орта мектептің 11 сынып оқушысы Үргенішбай Жанеркеге бұйырды.
Бұл байқаудың І-орын иегеріне Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының гранты тағайындалды. Ал ІІ-орын иегерінің оқу ақысына 50% жеңілдік берілмек. Сонымен қатар, ІІІ-орын алған қатысушы үшін оқу ақысына 25% жеңілдік қарастырылған.