«Кітап оқып, үйде бол» деген ұранмен рухани құндылықтарды насихаттаған аймақ кітапханалары оқырмандар үшін түрлі шараларды онлайн режимінде ұйымдастырып келеді. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдалана отырып өткізіліп жатқан мұндай шаралардың дені көпшілікті кітап оқуға шақыру үшін бағытталған.
Мазмұнды челлендждер мен эстафеталар, байқаулардың ішінде Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушылардың қатары көп. Оқырмандар арасында Абай Құнанбайұлының шығармашылығына деген қызығушылықтың өте жоғары екенін байқауға болады. Абай туындыларын оқуға арналған «Абайды оқы, таңырқа» атты онлайн-байқауға қатысушылардың да қатары артып, әлеуметтік желі парақшалары пайдалы дүниелермен толықтырылу үстінде.
«Қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлының рухани мұраларын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін нақышына келтіріп орындау мақсатында бұл байқаудың берері мол. Онлайн байқауға қатысу үшін жастарымыз бас ақынның өлең жолдарын жаттайды. Шығармашылық тұрғыда іздене түсіп, Абай әлемін тереңірек тануға ұмтылады. Мұны өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі беріліп жатқан баға жетпес білімнің көзі деуге болады», - дейді Жаңақорған аудандық кітапханасының қызметкерлері.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өтіп жатқан онлайн байқауға қатысушылар ақынның өлеңдерін оқып, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы оқырмандарға жолдауда.