Дене шынықтыру мұғалімдері сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы алуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 64-тармағын орындау аясында Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған кешенді жоспары әзірленді. Бұл жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілiп, ҚР Премьер-Министрімен бекітілді. 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзiнiң Жарлығымен халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту деңгейін 35% - ға дейін арттыруды тапсырған болатын. Бұл кешенді жоспар осы көрсеткішке қол жеткізуді және халықтың дене шынықтыру мен спортпен айналысуы арқылы салауатты өмір салтына ұмтылысын қалыптастыруды көздейді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда халықтың барлық жас санаттары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуды және балалар үшін спорттық инфрақұрылымға барынша қол жеткізу жөніндегі шаралар қамтылған. Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады: нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары.
Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында кешенді жоспарда негізгі бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының 8 заңнамалық актісіне 33 түзету енгізе отырып, бұқаралық спорт жөніндегі заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді.
«Заң жобасына дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр. Сондай-ақ, заң жобасында ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша шаралар көзделген. Білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі бойынша сабақтарда дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес, ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент көзделіп отыр», - деді Ақтоты Райымқұлова.