Әлеуметтік желіде Алматыдағы №71 мектеп-лицей директоры қызметінен заңсыз алынды деген ақпарат тараған еді. Алматы қаласының Білім басқармасы аталған жазбаның қасақана ұйымдастырылғанын айтып, арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Басқарманың хабарлауынша, №71 мектеп-лицей директоры Кулик С.Н. есімді әйел заңды негізде қызметінен алынған. Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кулик С.Н. үстінен ҚР ҚК-нің 189-бабы, 3-бөлігі («Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша іс қозғалған.
Тергеу барысында анықталғандай, №71 мектеп-лицей директоры С.Н. Кулик 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жоқ мұғалімді жұмысқа қабылдау арқылы қаладағы банкоматтардан 3 155 000 теңге ақшаны заңсыз алған.
Сөйте тұра, аталған кезеңде «жұмысқа қабылданған» мұғалімнің Қазақстанда жұмыс істеуі мүмкін емес болған. Ол кісі Қазақстан аумағында да болмаған, тұрақты түрде шетелде тұратын адам екен.
Қазіргі кезде Кулик С.Н. өз кінәсін мойындап, жасаған қылмысы үшін қатты өкінетінін айтып отыр.
Алматы қаласының білім беру басқармасы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысымен директорға қатысты әзірге еңбек келісімшартын үзу түріндегі тәртіптік жаза қолдану керек деп шешті.