Нұр-Сұлтан білім басқармасы 1 маусымнан бастап барлық балабақша мен қосымша білім беру ұйымының жұмысын штаттық режимде жалғастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"2020 жылдың 18 мамырынан бастап мектепке дейінгі ұйымдар меншік түріне қарамастан "кезекші топ" режимінде, бірінші кезекте, баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналар үшін және ата-аналардың қалауы бойынша күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, өз жұмысын қайта бастады", - деді білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова
Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарға дайындыққа қатысатын балалар 1 тамызға дейін балабақшаларға барады.
"1 маусымнан бастап барлық балабақша мен қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын штаттық режимде бастау жоспарланып отыр", - деді Қадырова.
Елордада 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 55 708 бала оқиды. Оның ішінде: 94 - мемлекеттік, 237 - жекеменшік балабақша, оның ішінде 214 - мемлекеттік білім беру тапсырысы, 43 - шағын орталық, 3 - ведомстволық ұйым. Орта білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі топтарында 3 485 бала білім алады.