"Basty Prime" бағдарламасына қонаққа келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мектем бітіруші түлектер тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтарына жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Саясат Нұрбек пен Рауан Кенжеханұлы ҰБТ сұрақтарының дәл нұсқасын таба алмай қиналды. Мәселен, Саясат мырза алғашқы сұрақтан-ақ сақалын сипап қалды.
Мәселен, тележүргізушінің "1993 жылғы конституцияның құрылымы?" деген сұрағынан екі азаматта мүдірді. Нәтижесінде, олар "Оқушыларға да, студенттерге де бұл сұрақтың керегі жоқ" екендігін мойындады.
Саясат Нұрбек: "Ешқандай функционалдық құны жоқ. Қазір бізде білім сандық көрсеткіштерге бейімделген, сапалық емес. Біз тез оқимыз, бірақ оқығанымызды түсінбейміз", - деді.
Мұнан өзге, олар тарих пәнінен "Әзірбайжанда мешіт салдырған Алтын орда ханы?" деген сауалға нақты жауап беріп, оқыған-тоқығанын дәлелдеудің орнына: "Бұл миллион кімге бұйырады?" бағдарламасы болып кетті ғой, қазір мен досыма звандап алайын", - деп әзілге айналдыра жөнелді. Есесіне олар жауап бере алмаған сұрақтың дәл жауабын көрермен айтып берді.
Осы тұста Ұлттық сенім кеңесінің мүшелеріне көмекке әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов келді.
Жүргізуші "Қимақ қағанаты кезінде табылған айна неден жасалған?" дегенде Болманов мырза: "Бұл ҰБТ не деген әуре-сарсаң!?Не үшін керек? Мысалға, қимақ қағанаты дейді. Бұны басқаша атауға болмай ма? Қазіргі балалар қимақ түгілі қыпшақтың өзін әзер таниды. Сонда біз не үшін оны күрделендіреміз?
Менің айтқым келіп отырғаны... өткенде бірнәрсе естіп, жағамды ұстадым, оның алдында да жағамызды талай ұстап жүрміз ғой. Әйтеуір, Асхат Аймағамбетов деген бауырымыз келді деп үміттеніп отырған жағдайымыз бар. Жалпы бұл тұрғыдан күдерімізді үзіп кеткенбіз. Неге дейсіз ғой. Оның көп себебі бар", - деп біреудің аузынан естіген әңгімесін мысал ретінде айтып берді.
Содан кейін спикерлер мектеп оқушыларының кітабын алып, есеп шығарып, әлгі тапсырманың баланың санасына, зердесіне қаншалықты пайдалы екендігін тексеріп көрді.
Айтпақшы, эфир барысында жасы сексенге таяған бір кісі телефон шалып, "Сүреңсіз сұрақтардың авторын тауып алып, өмір бақи білім жүйесінен қуу керек", - деп өз ұсынысын айтты. Ал Болманов болса, көрерменнің ойын "Өте мықты ұсыныс" деп бағалап отыр.