$ 494.87  520.65  4.91

Сырларын құм басқан Сығанақ

Әсем шаһардың халқы да тығыз қоныстанған.

Қазіргі төбенің орнында сонау замандарда тіршілігі қызған үлкен қала болған. Оның атауы – Сығанақ. Сырлы Сығанақ Ақ Орданың астанасы болды. Сондай-ақ, 2 мың жылға жуық тарихы бар бұл көне шаһар Әбілхайыр хандығы мен Қазақ хандығының да астанасы болды. Сығанақ «қамал, қорған» дегенді білдіреді.

Әлкей Марғұлан еңбектерінде орта ғасырдағы Сығанақтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, қала құрылысын Фазулулла Ибн Рузбихан, Шарафуддин Иазди есімді ғалымдар толыққанды жазып кеткендігін айтқан. «Зерттеушілер Сығанақ шаһарын дала төсіне көркем етіп салынған қала деп сипаттайды. Ол өлкенің бай аумағы, тұрмыстық жағдайы айрықша көзге түскен. Әсем шаһардың халқы да тығыз қоныстанған. Қала базарында күн сайын 500-ге жуық түйеге жегілген тауар сатылған», - делінеді жазбада.

«Моңғол шапқыншылығы кезінде түгелдей қираған қала ХІV ғасырда қайта жөнге келтірілді. ХV ғасырға дейін Сығанақты Ұлықбек басқарды. Сол кезеңдері Ақ Орда Темір әулетіне енген тұс болатын. 1446 жылы қала Әбілхайырдың (1428-1468) қолына өтіп, ол өмірден өткенше шаһарды басқарған. Сырбойылық қалалар ХVІ ғасырдың басына дейін Шайбани әулетінің үстемдігінде болды. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Сырдағы қалаларды кері қайтарып алу үшін қазақ хандары біраз күш жұмсады. Тұңғыш рет Қазақ хандығына енген Қаратау баурайындағы Созақ пен Сырдария бойындағы Сауран қаласы еді. XV ғасыр аяғында Шайбаниға бірқатар қалалар қарады. Қазақ хандығы қарамағында Сауран, Сығанақ, Созақ қалалары мен Түркістанның солтүстігі болды», - деп ақпарат берді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Ғалия Асанқызы.

Сығанақ тұрғындары туралы Рузбихан еңбектерінде: «Шаһар маңындағы қыстақтар және қаланың адамдары Қазақ хандығына әрдайым шынайы ықылас танытып, ерекше қарсы алып отырды . Қаланы билеген Қазы Садыр ал-Ислам, Садыр-Шайхтар Бұрындық ханға шаһарды беруді жөн көреді. Бұл аймақтың ертеректе Бұрындық ханға қарайтындығын, сол себепті еш қарсылықсыз қаланы берген дұрыс екендігін жеткізген.

«Қасым хан ел билеген тұста Қазақ хандығында тыныш кезең орнады. Ол кезеңде хандықтың астанасы Сығанақ болды. Ал, Есім ханның кезінде хандық Түркістанға көшірілді. ХV-ХVІІ ғасырлардағы Сығанақ қаласының да аты мәшһүр болды. Археологтардың жұмыстарын осыған мысал етуге болады. Мысалы, ғалым П.И.Лерх көне шаһарға зерттеу жұмысын жүргізді. 1899 жылы зерттеуші В.А.Каллаур да Сығанаққа барлау жұмыстарын жасады. Ал, 1906 жылы қала орнын И.А.Кастанье зерттеді. Одан кейін А.Ю.Якубовский Сығанақты Ресейлік Ғылым академиясына қарасты институт тапсырмасымен зерттеп шыққан. Ғалымның зерттеу жұмысы 1927 жылы жүзеге асырылды. Сығанақты зерттеу қазақ ғалымдарының да басты назарында. Тарих қойнауынан сыр шертетін Сығанақтың құпиялары әлі де зерттеп-зерделене түспек», - деді тарихшы маман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сығанақ