$ 449.58  486.94  4.86

«Тәртіп бұзған талапкердің нәтижесі жойылу керек»: - қоғам белсендісі

Олардың сөз қылып жүргені – қатаңдатылған ҰБТ тәртібі.
Фото: kakprosto.ru
Фото: kakprosto.ru

ҰБТ басталды дегенше – елде ерекше науқан басталады. Жұрттың назары негізінен 140 немесе соған жетеқабыл ұпай жинаған оқушыларға ауады. Жылда солай болатын. Биыл бәрі басқаша болып тұр. Оның негізгі себебі – пандемия жағдайындағы тестілеу екені түсінікті, дегенмен, бұл басты ерекшелік деуге келмейді. Жұрт пандемия талаптарына үйреніп қалды, онша бір мән беріп те жатқан жоқ.

Олардың сөз қылып жүргені – қатаңдатылған ҰБТ тәртібі. Біреулер оқушыларға тым қатал тәртіп қойылды дейді, біреулер осылай болу керек дейді. Бірақ, негізінен, қолдап жатыр деуге болады. Соңғы жылдары сынға ұшыраумен келе жатқан білім саласына қатысты заңдар мен талаптарды күшейтпей, білім сапасы көтерілмейді дейді жалпы жұрт.

Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ға қолдануға болмайтын заттарды алып кірген тест тапсырушылардың тестілеуден шығарылатынын айтқан. Жұрттың сөз қылып жүргені осы. Оқушыларды тексеру ҰБТ кезінде ғана емес, ол біткен соң да жалғаспақ. 25 тамызға дейін арнайы мамандар бейнежазбаларды қарап, тәртіп бұзғандарды анықтайды. Бұл енді, ҰБТ кезіндегі қарбаласта көзге түспей қалғандарды ұстаудың амалы. Егер, бейнежазба арқылы кінәсі анықталса, онда, ол жиған ұпайынан да, түскен грантынан да айырылады. Егер талапкер тестті ережені бұзбай тапсырса, бірақ нәтижесі көңілінен шықпаса, тамыз айында өткізілетін ҰБТ-ны тапсыра алады. Бұл – қосымша мүмкіндік

Осыған орай айтылып жатқан бірқатар сарапшылар мен азаматтардың пікірі үндес деуге болады. Өз саласындағы проблемаларды ашық айтып жүрген белсенді ұстаз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ оқушаларға мұндай талап қою – ЖОО-ға лайық балалардың түсуіне мүмкіндік береді дейді. Оқуға әділетсіз түскен бала талапты баланың жолын кеседі дейді ол.

«Бұл тәртіпті қолдаймын. Өздеріңіз де білесіздер, бәсекелестік әділ болмаған жерде ешқандай даму да, өсу де, білім де жоқ. ҰБТ-ға қарсы мұндай талаптардың күшейтілгені дұрыс, өйткені, мемлекеттен бөлінетін грант санаулы ғана, соны білімі бар, лайықты балалар ұтып алу керек. Әйтпесе, біз бұл тарапта тым тереңге кетіп қалдық, сол себепті, тәртіпті күшейтпей болмайды. Камера қойғаны да, оқушыларды тексеріп кіргізіп, тәртіп бұзғандарын бір жылға шеттеткені де дұрыс», – дейді белсенді-ұстаз.

Шыныбекұлының айтуынша, бір жыл оқуға тапсыру құқығынан айыру жазасы – ауыр жаза емес. Ал, беті бір қайтып қалған бала келер жылы оқуға түсуге дәл биылғыдай талпынбауы мүмкін ғой деген уәжге «бала ғой деп олардың кінәсіне көз жұма қарауға болмайды», дейді. Өйткені, балалардың тәртіпсіздігіне ұсақ-түйек ретінде қарау – проблеманы одан сайын ушықтыра  түспесе, оқушыға да, білім саласына да көмектеспейді. Сондықтан, өз білімімен өзгеден озып шығатын талапты балалардың оқуға түскеніне қуануымыз керек дейді ол. Ал, өзіне сенімді бала тыйым салынған қадамдарға бармайды.

QAZBILIM орталығының директоры Аятжан АХМЕТЖАННЫҢ пікірінше, оқушылар бұл тәртіпке де үйренеді. ҰБТ тазармай – сапалы білім болмайды, білім саласы да түзелмейді.

«ҰБТ жылдағымен салыстырғанда әлде қайда тазарды. Тазалық болмай білім саласы оңалмайды, сапалы маман қалыптаспайды. Оқушылар шынайы білімін көрсетіп жатыр. Болашақта телефон дегенді 100% ұмытып, барлық бала өз біліміне сеніп дайындалуға дағдыланады деп сенемін», – дейді ол.

Ақын Қайсар ҚАУЫМБЕК те ҰБТ-ға қатысты былық-шылықтың аз емес екенін айтады. Сондықтан, тәртіп бұзғандардың ұсталғаны дұрыс дейді. Және бейнебақылау арқылы да әлі талай оқушы нәтижесінен айырылатынына сенімді:

«164 талапкер «шығарылды» дегенді көріп, шынымды айтсам, қуанып отырмын. 25 тамызға дейін арнайы бағдарламаның көмегімен емтихан барысындағы барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі екен. Сол бейнежазбадағы тәртіп бұзушылық бұдан 2-3 есе көп екеніне өз басым қазірден-ақ сенімдімін. Дұрыс, тәртіп бұзған талапкердің нәтижесі жойылу керек. Оларға грантқа түсуге мүмкіндік бермеу керек. Тек, биылғы қатал ереженің соңы сұйылып кетпесе дейміз», – дейді Қайсар.

ҰБТ-2020 тапсырып отырған оқушылар. Фото БҒМ баспасөз қызметінен алынды.
Биылғы сөздердің негізінен жаңа тәртіпке және тәртіп бұзғандарға қолданылатын шараға қатысты болып жатқанын айттық. Ғылым және білім министрлігі «ұсталып қалғандардың» соншалықты үмітсіз емес екендерін де айтады. Оларға қаңтар айында тапсырған ҰБТ қорытындысы көмекке келеді. Яғни, қаңтардағы нәтижесі шекті балдан асса, ақылы бөлімге тапсыруға мүмкіндігі бар.

«Қазір өтіп жатқан ҰБТ нәтижесі бойынша грант тағайындалатынын түсіну маңызды. Егер талапкер ҰБТ ережесін бұзса және мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша тестілеуге жіберілмеген болса немесе аудиториядан шығарылса, ол биыл мемлекеттік грантқа үміткер бола алмайды. Грантқа үміткер болу үшін келесі жылы қайтадан ҰБТ тапсыруы керек.

Ақылы бөлімге қатысты. Талапкерлерлер қаңтар айында да ҰБТ тапсырды. Бұл ҰБТ нәтижелері де жарамды, егер талапкер шекті балды жинаса, онда сертификатын көрсетіп, ЖОО-ның ақылы бөліміне түсе алады. Сондай-ақ бірінші семестрде сабағын жақсы оқыса, екінші семестрде грантқа ауысу мүмкіндігі бар», – дейді БҒМ баспасөз хатшысы Гауһар ОМАРБЕК.

ҰБТ кезіндегі тағы бір проблема – оқушылардың психологиялық қысымда болатыны. Әрине, мұндағы негізгі мәселе – оқушыға мұғалімдер тарапынан, ата-аналары тарапынан қойылатын  шектен тыс талаптар. Оқушылардың өз білімінен асырып ұпай жинау үшін ереже бұзатыны да сондықтан. Бұл тарапта түсіндіру жұмыстары жүргізілді дегенмен, сын сағатқа келгенде оқушылар сыр алдырып алады.

Мұнда да негізгі мәселе – сапалы білім мен оқушының өзіне сенімділігі алдыңғы қатарға шығады. Мәселен, ҰБТ-2020-ның алғашқы күні 140 сұрақтың 138-іне дұрыс жауап берген Абзал ӘБДІМАНАП есімді түлек мектепте дайындалып жүрген кезден өзінің жоғары ұпай жинайтынына сенімді болыпты. 120 ұпай жинаймын деп ойлапты. Оқушы бұлай өз мүмкіндігін пайымдай алу үшін – оның дайындығы жоғары деңгейде болу керек.

«Маған тестілеу сұрақтары оңай болды. Өзім оқыған, жақсы білетін тақырыптар келді. Тест тапсыру кезінде бақылаушылар бәрін қарап жүрді, жоғарғы балды өзімнің таза біліміммен алдым. Өзімнен кейін тапсыратын талапкерлерге шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірмеуге кеңес беремін. Өйткені, оны алып кіре алмайсыздар, камерадан бәрі көрінеді, бақылаушылар да қарап тұрады. Тек өздеріңізге сеніңіздір», – дейді Абзал.

Оқушыларға ҰБТ кезінде айтылатын негізгі кеңес, осы, өзіңе сену мәселесі. Балалар ақыны Саят ҚАМШЫГЕР биыл мектеп бітіріп жатқан қызы Аружан ҚАМШЫГЕРГЕ ешқандай психологиялық қысым жасамайтындарын айтады. Бірінші сыныптан бастап жақсы оқыған қызына сенеді, қазіргі жинап жүрген ұпайлары да жақсы – 120-130-дың аралығында. Аружан мектепті (Алматыдағы «АлгорИФМ» лицейі) алтын белгіге бітіріп жатқан санаулы оқушылардың бірі. ҰБТ-ны 29 маусым күні тапсырады. Қазір дайындық үстінде, жоспар бойынша, ертең тапсырам деген күні дайындықты аяқтайды да, өзінің сүйікті ісімен айналысады: сүйікті фильмдерін көреді, кітап оқиды, серуендейді, т.б.

«Қызым, әрине, толқып жүр. Біз айтамыз, «сен орта жолдан қосыла салған оқушы емессің, бірінші сыныптан бастап жақсы оқып келесің, жүйелі дайындалдың, мұғалімдеріңнен баға сұрап көрген жоқпыз, кейбір мұғалімдеріңді танымаймыз да, бәрін өз еңбегіңмен жасап келесің, уайымдама», деп. «Достық» білім беру орталығы бар, сол жерде бір жылдан бері дайындалып жүр, айналасында білімді, талапты балалар болды. Осыдан 3 жыл бұрын балам мектеп бітіргенде де осы орталықта дайындалған, 124 балл алды, сондықтан, осы орталықты таңдадық», – дейді Қамшыгер.

Ал, Аружанның өзі жаңа ережеге қатысты ештеңе уайымдамайды. Бұл заң қабылданбай тұрып-ақ ол ешқандай телефон, ешқандай шпаргалка болмайды деп түпкілікті шешіп қойыпты.

«Мен телефон да, шпор да алып кірмеймін, өзімнің бар біліміммен жазып шығам. Өйткені, телефон алып кірсең оны қолданам деп, көңілің бөлінеді, ұсталып қалам ба деп тағы уайымдайсың, сосын тесттің сұрақтары бір жақта, ойың бір жақта қалады. Өйтіп алаңдап отырғанша, өз біліміңмен тапсырған тыныш», – депті Аружан.

Жаңа ереже қабылданған биылғы жылы екі күннің ішінде 400-ден астам оқушы ұсталып, тесттен шеттетілді. Қандай жаза қолданылатынын айттық. Бірінші күні 164, екінші күні 261 оқушы тыйым салынған жолмен жоғары балл жинағысы келіпті.

Олар енді келесі жылға дейін мемлекеттік грантқа ие бола алмайды…

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары