Ұялы байланыс операторлары мұғалімдер мен оқушылар үшін арнайы тарифтік жоспар әзірлеп жатыр. Бұл туралы үкімет отырысында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Ведомство басшысы аталған тарифтік жоспардың мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Ұялы байланыс операторларымен бірге мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар әзірлеу мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылуды қарастырады», - деп атап өткен Жұмағалиев.
Оның айтуынша, бұл қашықтан оқыту форматына көшуге, шалғай ауыларда электронды қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, министр президенттің интернетті қолжетімді етуге қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатқанын баяндады. Ол қазіргі таңда еліміздің 4649 елді мекені интернетпен қамтылғанын, бұл халықтың 97 пайызын құрайтынын жеткізді. «Осы жылы 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерге талшықты оптикалық желілер, мобильді және радиотехнологиялар арқылы интернетті жеткізу жобаларын аяқтау жоспарланған. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде интернетпен қамту деңгейі 99,3 пайызға жетеді», – деді ведомство басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқиды - министр
Айта кетейік, бұған дейін елімізідің білім және ғылым министрі жаңа оқу жылында мектеп оқушылары сияқты, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері де қашықтан білім алатынын мәлім етті.