$ 494.87  520.65  4.91

БҚО-да ауыл тұрғындары балаларына өз күштерімен мектеп салып алған

Ауыл әкімдігінің бас маманы Қадиша Шафеева ауыл әкімі Артур Берденовтің Нұр-Сұлтан қаласына іссапарға кетіп қалғанын, сондықтан сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты.
фото: Артем Букреев
фото: Артем Букреев

Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекенінде 160-қа жуық тұрғын бар. Олар мектеп салу үшін кооператив ашқан. Малға бөлінетін субсидияның ақшасы соған ауған. Нәтижесінде, 10 млн теңге ақша жиналған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап.

Қособа жалпы білім беретін бастауыш мектебінің меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Алтынай Кушекенованың сөзінше, ауылға мектеп салу бастамасын Талдыапан ауылының бұрынғы әкімі Асқар Есқалиев көтерген көрінеді.

«Асқар Есқалиұлы осындай идея айтқаннан кейін тұрғындардың барлығы бірауыздан қолдады. Бұл мектептің құрылысы 2017 жылдың көктемінде басталды. Міне, биыл тәмамдалып, 13 оқушы жаңа мектепте білім алып жатыр. Қажетті техникалық құрал-жабдықтармен аудандық білім бөлімі қамтамасыз етеді. Тағы бір айта кетін нәрсе, мектеп құрылысына ауылымыздағы «Жұмалиевтер», «Артығалиев», «Дюсалиева», «Хамитов», «Ерболатов» шаруа қожалықтары демеушілік жасады», – дейді Алтынай Талапқызы.

Мектептің іргетасы қаланғаннан бастап, басы-қасында болған ауыл тұрғыны Бауыржан Нұрғалиев әркім қолынан келген көмектен аянып қалмағанын айтады.

«Біреуі келіп фундамент құйысса, енді біреуі кірпішін қалады. Тағы біреуі төбесін жауып берді, ішкі жұмыстарын істеді. Яғни, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршіліктің арқасында балаларға осындай жаңа мектеп салып бердік», – дейді ол.

Сәбира Жұмалиева есімді тағы бір ауыл тұрғыны бұрынғы мектеп оқушыларға қиындық туғызып келгенін, күз, қыс мезгілінде салқын болғанын айтады.

«Балалардың білім деңгейі жоғары болуы үшін мектеп те заманға сай болуы керек қой. Оқушылардың болашағын ойлап, жаңа мектеп салғандары өте жақсы болды. Барлығына алғысымды айтамын», – деді ол.

Әбден ескірген ескі білім ұясында білім алып келген 4-сынып оқушысы Айзере Вахитова: «Ескі мектепте тоңатын едік. Енді жаңа мектепте оқып жатқанымзға өте қуаныштымын. Бізге осындай жақсы мектеп салып берген ағаларға алғысымыз шексіз», – дейді.

Талдыапан ауылы әкімдігінің бас маманы Қадиша Шафеева ауыл әкімі Артур Берденовтің Нұр-Сұлтан қаласына іссапарға кетіп қалғанын, сондықтан сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты.

«Сіздің сұрақтарыңызға ол кісінің өзі жауап бергені дұрыс болатын еді. Өйткені, мектеп бой көтеріп жатқанда құрылыс басында Артур Амантайұлының өзі жүрді ғой. Мен тек жаңа мектептің айналысын қоршауға біздің тараптан көмек болатынын айта аламын», – деді Қадиша Шафеева.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары