Грузия билігі елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты ірі қалалардағы мектептер мен университеттерде оқу жылының басталуын 1 қазанға шегерді. Бұл туралы премьер-министр Георгий Гахария жұмадағы брифингте айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, РИА Новостиге сілтеме жасап.
Сабақ 15 қыркүйекте басталуы керек еді, алайда, Грузияда соңғы аптада күн сайын коронавирус жұқтырғандар санының өсімі байқалған.
«Тбилиси, Гори, Рустави, Кутаиси, Зугдиди және Потиде оқу процесі тағы екі аптаға шегерілді. Бұл қалаларда мектептер мен университеттердегі оқу процесі 1 қазаннан басталады», - деді премьер-министр.
Гахарияның айтуынша, бұл уақыт ел билігіне эпидемиологтармен бірге қауіпті дұрыс бағалау үшін қажет, содан кейін қосымша шешімдер қабылданады.