$ 494.87  520.65  4.91

Әл-Фараби – 1150: Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылады

Мазмұнды сөздері арқылы ғұлама ғалым адамзатты ізгілікке шақырып тұрғандай. Әл-Фарабиді күллі әлем оқиды.
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №19 кітапхана мамандары Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби ғылым және тіл білімі хақында» атты онлайн шолу ұсынды. 

«Әбу Насыр әл-Фараби – әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика және музыка зерттеушісі. Замандастары үлкен құрметпен «Шығыстың Аристотелі», «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» деп атаған Әл-Фарабидің туғанына биыл 1150 жыл толып отыр. Отырар жерінде дүниеге келген ғұлама ғалым бала күнінен ғылымға жақын болған. Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылға жуық уақыт Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен, әлемдік мәдениетпен танысады. Ұлы ойшыл үнемі саяхат жасау арқылы білімін жетілдіріп отырған.

Профессор Жақыпбек Алтайұлының айтуынша, Әл-Фараби бар өмірін ғылымға арнаған, 70-ке жуық тіл білген. Шығыс ғұламасы 150-дей ғылыми трактат жазып қалдырған. Әл-Фараби Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады. Аристотельдің «Категория», «Метафизика», «Бірінші және екінші аналитика» сынды басты еңбектеріне түсіндірмелер жазды», - делінген онлайн шолуда. 

Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби: «Білімсіз адамгершілік молаймайды. Білімсіз адам өзге адамдардың абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді», - дейді.

Мазмұнды сөздері арқылы ғұлама ғалым адамзатты ізгілікке шақырып тұрғандай. Әл-Фарабиді күллі әлем оқиды. 1930-1932 жылдары Әбу насыр әл-Фараби шығармалары латын және еврей тілдеріне аударыла бастаған еді. Парижде француз ғалымы Барон Рудольф Д. Эрланге жариялаған «Музыкадағы ұлы кітаптың бірінші бөлігі» жарық көрді. Ел ішінде де ғұламаның мол мұрасын насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. 

Екінші ұстаз «Риторика», «Поэзия өнері туралы», «Бақытқа жол жілтеу» атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге ерекше көңіл бөлген. Осы орайда онлайн шолуда Әл-Фарабидің «Даналық інжу-маржандары», «Мейірімді қаланың тұрғындарының көзқарастары», «Философиялық трактаттар» және «Музыканың үлкен кітаптары» атты трактаттары жайлы тарқатып айтылған.

Сонымен қатар, Шығыс ғұламасының «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары», «Ғалымдардың шығуы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды бірқатар философиялық еңбектері туралы мәлімет берді.

Яғни, осы еңбектерде қозғалған қоғам, мемлекет, дүние, адамдардың қарым-қатынастары туралы озық пікірлер мен пайымдауларын шолу барысында тілге тиек еткен. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары