30-дан астам жоғары оқу орны мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілмеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Білім және ғылым министрлігінің Telegram-дағы парақшасына сілтеме жасап.
«Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның құрамына Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП мен Жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, оның ішінде Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері кірді.
Республикалық комиссияның шешімі бойынша, конкурс талаптарына сәйкес келмейтін 30-дан астам жоғары оқу орны 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын ЖОО тізімінен алынып тасталды», - делінген ресми хабарламада.
Байқауға барлығы 108 ЖОО қатысқан. Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған ЖОО-лардың саны қысқарды. Ведомствоның мәліметінше, тапсырысты орналастыру кезінде ЖОО-ны білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттеу, түлектердің жұмысқа орналасуы, бағдарламалардың сапасы және ЖОО-ның «Атамекен» ҰКП рейтингіндегі позициясы сынды талаптар ескерілген.