30.05.2016, 10:44

Берел қорғанына қазба жұмыстарын жүргізуге 10 елдің ғалымдары жиналды

Шығыс Қазақстанның 5 көне ескерткішінде еліміздің танымал ғалымдарының жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары басталды. Бұл туралы ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Қазіргі таңда тарихи жерлерді тонопланмен түсіріп, аэрофото түсірілім жасауда.

Жоспарға сәйкес археологиялық экспедициялар Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанында, Зайсан ауданындағы Шілікті жазығында, Ұлан ауданындағы Аблайкит қамал-монастырі, Абайдағы Қырықүңгір және Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы ескерткіштерінде жүргізіліп жатыр.

Осы жолғы қазба жұмыстарына 10 мемлекеттен 20 маманның тартылу оның ауқымдылығын көрсетеді. Атап айтсақ, зерттеу жұмыстарына Жапонияның палеогенетиктері, Ұлыбритания, Венгрия, Түкия мен Қытай профессорлары мен ғалымдары, Италия мен Бельгияның геоархеологтары, Ресей ғылым академиясының өкілдері қатысады.

– Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай археологияық даму жоспарын жүзеге асыруымыз өте орынды. Ең бастысы біз өзіміздің ғалымдарымызбен ғана шектемей, әлем таныған археологтарды шақырып отырмыз. Барлық жерде солай болған. Мысырдағы атақты Хеопс пирамидасын ашқан кезде археология саласының барлық үздіктері жиналған болатын. Біздің Берел, Шілікті қорғандарымыз, Аблайкит қамал-монастырі әлемдік ғалымдардың назарында, – дейді Даниал Ахметов.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың айтуынша, зерттеу жұмыстары жоғары деңгейге көтерілді, ал шетелдік мамандардың тартылуы екі жаққа да қолайлы.