Кейбіреулер біле тұра «Ұлт ұстазы», «Ыбырай Алтынсарин атындағы» және басқа да әр түрлі төсбелгілерге ақша төлеп, алып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің апта сайын өтетін аппарат жиналысында айтылды, деп жазады Baq.kz.
Жиналыста «Қазақстандық оқушылардың TIMSS халықаралық зерттеуіне қатысу нәтижелері туралы», «Ведомстволық наградалармен ақыға марапаттау, ақылы олимпиадалар мен біліктілік арттыру курстарын өткізу туралы» және басқа да тақырыптар талқыланды.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердің білім көрсеткіштерінің төмен не жоғары болуы жұмысты ұйымдастыру тәртібіне байланысты екенін айтты.
"Жамбыл облысының оқушылары PISA зерттеуіне, TIMSS зерттеуінің нәтижелеріне және республикалық олимпиада нәтижері бойынша көрсеткіштері өте жоғары. Бізде терең үңілеп қарамайтын байқаушылар бар. Олар осы зерттеулердің қорытындысын қарап, қазақ тілінде оқитын мектептердің көрсеткіштері төменірек деген тұжырымды айтады. Бірақ ол дұрыс емес екенін көріп отырмыз. Бұл тілге байланысты дүние емес. Бұл жалпы ұйымдастыру мәселесіне, жұмысты дұрыс тәртіпке қою мәселесіне байланысты. Мысалы, Жамбыл облысы бүгін TIMSS зерттеуі бойынша көш бастап тұр. Яғни онда негізінен мемлекеттік тілде оқитын балалар осы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Сондықтан ең басты мәселе – бұл тілге қатысты емес. Бұл – біздің жұмысты ұйымдастыру тәртібіне байланысты. Жамбыл облысында үлкен жұмыс атқарылды. Осы ретте осы облыстың тәжірибесін зерттеп, басқа да өңірлерге таратуымыз керек", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Білім басшысы аппарат жиналысында талқыланатын екінші мәселеге тоқталды.
"Соңғы кездері әр түрлі ақылы марапаттардың тарағаны байқалады. Ол ешкімге жасырын емес. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға жақындатылған. Кейбіреулері осыны түсінбей, ал кейбіреулері біле тұра «Ұлт ұстазы», «Ыбырай Алтынсарин атындағы» және басқа да әр түрлі төсбелгілерге ақша төлеп, алып жатыр. Бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет талқыладық. Бірақ әлі де бұл үрдіс азаймай отыр", - деді Асхат Аймағамбетов.