Қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің мектептерде емтихан өткізу туралы арнайы бұйрығы дайындалып жатыр. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды sn.kz.
"Үшінші тоқсаннан бастап 9-11 сынып оқушыларын офлайн форматқа ауыстырдық. Оның негізгі себебі – алдағы емтихандар. Бүгінде мектептер де, оқушылар да қорытынды емтиханды тапсыруға дайындалып жатыр. Бұл – барлығына қажетті аттестация. Соның нәтижесінде негізгі және орта білім туралы аттестат беріледі", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы дайындалып жатыр.
"Біздіңше, биыл қорытынды аттестация өтеді. 9-сыныптар үш емтихан тапсырады. Соның ішінде тіл және математика бар. Ал 11-сыныптар төрт емтихан тапсырады. Барлығы министрдің бұйрығында көрсетілген. Сондықтан мектеп түлектері емтихан тапсырады деген шешім қабылданды. Алайда бір маңызды мәселені ескерген жөн, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті шешімдер қабылданады", - деп түйіндеді Каринова.
Айта кетейік, өткен жылы 9-11 сынып оқушылары емтихан тапсырудан босатылды. Барлығына жылдық бағаның негізінде аттестат берілді.