26.03.2021, 18:20

Биыл мектеп түлектері емтихан тапсыра ма? - БҒМ өкілі жауап берді

Фото: ашық дереккөз
Оның айтуынша, қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы дайындалып жатыр.

Қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің мектептерде емтихан өткізу туралы арнайы бұйрығы дайындалып жатыр. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды sn.kz.

"Үшінші тоқсаннан бастап 9-11 сынып оқушыларын офлайн форматқа ауыстырдық. Оның негізгі себебі – алдағы емтихандар. Бүгінде мектептер де, оқушылар да қорытынды емтиханды тапсыруға дайындалып жатыр. Бұл – барлығына қажетті аттестация. Соның нәтижесінде негізгі және орта білім туралы аттестат беріледі", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы дайындалып жатыр.

"Біздіңше, биыл қорытынды аттестация өтеді. 9-сыныптар үш емтихан тапсырады. Соның ішінде тіл және математика бар. Ал 11-сыныптар төрт емтихан тапсырады. Барлығы министрдің бұйрығында көрсетілген. Сондықтан мектеп түлектері емтихан тапсырады деген шешім қабылданды. Алайда бір маңызды мәселені ескерген жөн, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті шешімдер қабылданады", - деп түйіндеді Каринова. 

Айта кетейік, өткен жылы 9-11 сынып оқушылары емтихан тапсырудан босатылды. Барлығына жылдық бағаның негізінде аттестат берілді.