$ 443.85  474.3  4.8

ОҚО-да Қаңлы мәдениетіне қарасты көне қалашық табылды

Оңтүстік Қазақстан облысында археологтар екі жарым мың жыл бұрынғы адамдардың қонысын анықтады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлап отыр. Табылған жәдігер тарихта ең аз зерттелген Қаңлы мәдениетіне қарасты дейді олар. Мұнда темір орақтан бастап, 25 ғасыр бұрынғы адамдардың қолданған ыдыстары мен қаруларына дейін көруге болады. Енді осы бұйымдар арқылы Қаңлы мемлекетінің тарихын анағұрлым түсінуге мүмкіндік пайда болды.

Өгем өзенінің бойындағы көне қалашық Үш Бас төбе орнын үш аптадан бері ақтарып жатқан археологтардың қуанышында шек жоқ. Олар кемі 2-2 жарым мың жылдық тарихы бар Қаңлы дәуірінің қонысын таптық деп отыр. Жерден небәрі бір метр тереңдікте қаңлылықтардың қамалынан бастап, баспанасына дейін анықтаған археологтар көне үйдің бірін тайға таңба басқандай көрсетіп жатыр.

Александр Подушкин, археолог:

-Дәл қазір Қаңлы дәуіріндегі баспанады тұрмын. Бұл жерге қарап, олардың өркениеті дамығанын білуге болады. Мәселен, еденінің өзі малта тастармен безендірілсе, үйдің ішінде ошақтан бастап диірменге дейін тұр. Керемет сақталған диірменге қарап, біздің дәуірімізге дейін мұнда егіншіліктің де дамығанын байқауға болады.

Таулы аймақта орналасқан Үш Бас төбенің табиғаты да қатал. Мұнда қыс 6 айға дейін жетсе де, жұрт егін де салып, аңшылықпен де айналысқанын табылған заттардан байқауға болады. Аңдардың сүйегінен жасалған бұйымдармен қоса, безендірілген марал мүйізі де табылыпты. Егіншілікпен қоса металл өңдеудің де дамығаны анық.

Археологтардың жұмысын қызықтауға жақын маңдағы ауылдардан жұрт та жиі келеді екен. Біреу көрпе-төсек беріп көмектессе, енді біреу қымыз-айранын тасиды. Жергілікті ақсақалдардың өзі бұл аймақтың қойнауы тарихқа толы екенін айтады.

Биыл археологиялық қазба жұмыстарына мемлекеттен қаржы да бөлінбепті. Сондықтан оншақты адамнан құрылған экспедиция демеуші есебінен жұмыс жүргізіп жатыр. Ал табылған жәдігерлер еліміздің орталық мемлекеттік мұражайына жеткізілмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары