Елдегі мұғалімдердің жалақысын өсіру мен шәкіртақы көтеру үшін бюджеттен 5 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат – 2025 жылға дейін жоспарланған қаражат. Мұны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Оның айтуынша, елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің еңбекақысын жүйелі түрде көтеру жолға қойылды. Соның арқасында 5 трлн 300 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Бұл мақсатта алдағы 3 жыл ішінде тағы 2 трлн теңгедей ақша бөлінеді. Мұның бәрі білім және ғылым саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды жұмыс», — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, қазір мұғалімердің 99 пайызының жалақысы көтерілді. Жоғары категориялы мұғалімдердің еңбекақысы да 50% өсті. Арамызда 500 мың теңге еңбекақы алатындары бар. Бәрі жүктемеге байланысты. Бірі аптасына 18 сағат сабақ берсе, енді бірі – одан сағаты көптер.
«Еңбекақы әлі де өседі. Келесі жылы тағы 25% көтерілмек», — дейді ведомства басшысы.