Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева оқушыларға мектепке қандай киім киюге болмайтынын айтты деп жазды Sputnik.
"Мектеп формасына қойылатын талап сақталады, сондай-ақ мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киім киіп келуге рұқсат етілген", - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, киім ең алдымен таза, ұқыпты болуы қажет.
"Білім беру ұйымы болғандықтан, бала таза киіммен келуі керек. Қанық түсті шалбар мен ашық түсті жейде болуы керек. Футболка киіп келуге болмайды. Аяқкиімге қатысты шектеу жоқ. Егер ата-ананың туфли әперуге мүмкіндігі болмаса, баланың тек кроссовкасы болса, солай кіре алады", - деді Жылқыбаева.
Биыл 2021-2022 оқу жылында қазақстандық оқушылар дәстүрлі формат білім алады. Мектепке педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіре алады.
Бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылының басталуына арналған дәстүрлі салтанатты шара далада өтеді. Мұндай салтанатты жиында бірінші сынып оқушыларына "Әліппе" табысталады.