$ 494.87  520.65  4.91

«Мүлде сәйкес келмейтін мұғалімдер бар»: Ақтау мектебінде ерекше іріктеу өтіп жатыр

Педагогтарды іріктеу осы дүйсенбіде басталған. 13 пәннен 1 мыңға жуық үміткер келіпті.

Ақтауда биыл ашылатын жаңа білім ордасына мұғалімдер ерекше тәсілмен қабылданып жатыр, деп хабарлады "Хабар 24".

№19 мектеп-гимназиясына педагогтарды іріктеуге алғаш рет қалалық білім бөлімі араласпай отыр. Қоғам белсенділерінен арнайы комиссия құрылып, ұстаздардың үздіктері түрлі сұраққа жауап беру арқылы таңдап алынады. Бір қызығы, 1 пәнге 100 үміткерден келген.

27 жастағы Ақансері Сахиев дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болудан үмітті. Биыл осы мамандық бойынша ЖОО-ны тәмамдаған. Бұрын бокс, волейбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданған. Алайда қазір 4 баланың әкесі жұмыссыз жүр. Түйіндемесін түрлі жерге тапсырса да, нәтиже болмапты. Енді әділ іріктеуден сүрінбей өтуге ниетті.

"Қаланың төңірегінде бармаған мектебім қалмады, жұмыс жоқ деді. Кейбіреулері жұмыс бар деді, бірақ пара сұрады. Бермеймін дедім, алмады. Осы іс-шара парақорлықтың алдын алу үшін жасалып жатыр деп ойлаймын. Сұрақтар қиын болған жоқ, спорттың қандай пайдасы бар деген секілді сұрақтар қойды", - деді қала тұрғыны Ақансері Сахиев.
Педагогтарды іріктеу осы дүйсенбіде басталған. 13 пәннен 1 мыңға жуық үміткер келіпті. Құрылған комиссия құрамында өңірге белгілі қоғам белсенділері, жұмыспен қамту орталығының өкілдері және адалдық алаңы жобасының мүшелері бар. Олар алдымен түйіндемені қарап, мамандығына қарай сұрақтар қояды.

Білім бөлімінің мәліметінше, арнайы комиссия құрудың негізгі себебі – үміткерлер өте көп болған.

"Бір маманның орнына 20-30 шақты адам келіп жатыр. Комиссия мүшесі жас мамандарға, жұмыссыздарға көп көңіл бөліп жатыр. Жұмысы барлар да келіп жатыр. Комиссия мүшесі педагогтарға заңдар туралы, енгізілген өзгерістер туралы, жеке қасиетін анықтау мақсатында қызығушылықтары сұрап жатыр. Мүлде сәйкес келмейтін мұғалімдер бар. Мысалы, ағылшын тілінің маманы мүлде сөйлей алмайды. Үлкен стажы бар апай әліппенің негізін қалаушы кім дегенге жауап бере алған жоқ", - дейді бақылаушы Жұлдыз Санақаева.

Қаладағы 34 шағынауданда орналасқан білім ордасы 1200 орынға шақталған. Қазір жаңа оқу жылына 1700-ден астам оқушы қабылданыпты. 73 сынып дайындалған. Өтініштер әлі де түсіп жатыр. Ата-аналар үздік мұғалімдерге баласын оқытуға асық.

Іріктеу бүгін аяқталады. Осылайша жаңа оқу жылында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 150 педагог 19 мектеп-гимназиясында қызметін бастайды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары