Биыл әліппе қайта оралды. Мамандардың айтуынша, ол Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан оқулығының түпнегізінде жасалған, деп хабарлады Елорда Инфо.
Сонымен, қазіргі әліппеде ұлт ұстазының кітабында ұстанған дыбыстық әдіс идеясы бар екен. Ондағы әріптердің орналасуы оңайдан қиынға бағытталған. Енді балалар сөйлем құрауды оңай игере алуы тиіс.
«Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған оңтайлылықпен әліппенің қысқа мерзімде игерілетін тәртібі басшылыққа алынды. Бағдарламада осындай идеялар тұжырылымдаған соң, орталыққа 5 баспалық нұсқалар келді. Біз өткен жылдың қарашасы мен биылғы сәуір аралығында осы жұмысқа сараптама жүргізгенбіз», – дейді БҒМ Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов.
Жаңартылған әліппеде заманауи технология да ескерілген. Оқулықтың әр бетінде QR-код бар. Оны сканерлеп, аудиожазбалар тыңдауға да мүмкіндік бар. Тіпті тапсырмалар да жалпылама берілмей, оқушыға қосымша ретінде арнайы дискте ұсынылады.
«Жұрт шулап, қазақ мектебінің ұлттық негізін 3-4 жыл іздеді. Әліппенің оралуы мен үшін жақсылық нышаны. Білім саласына ұлттық иістің оралуы деп ойлаймын. Білім саласында ұлттық тәрбие мен ұлттық менталитет өзегі болмаса, біз ешқашан ұлттық мемлекет болмаймыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы №90 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжан.
Жаңа оқулықтағы әріптердің реті өзгерген. Алғашқы «А» әрпінен кейін кезек бұрынғыдай «Б»-ға емес, «Р» әрпіне тиеді. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы балаға әуелі «Ар» сөзін үйрету маңызды деген.
Ескерте кетсек, жаңарған оқулықтың алғашқы данасы мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған балалардың қолына ертең, яғни 25 тамызда тиеді.